1928-1932 жылдардағы зобалаң саясат …

«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегінде танысқан мұң тіліңмен»,-деп Жұбан ағамыз жырлағандай, халық тарихында өте қиын, қасіретті,ауыр кезеңдер аз болмады.

«Қазақстанды социализмге шығыста бірінші етіп жеткіземіз», «Қазақстанда революция болмаған екен, болса да қазақ ауылын тек жанап өткен көрінеді, сондықтан бұл өлкеде Кіші қазан революциясын жасауға рұқсат беріңіз,»- деп даурыға ұрандаған Ф.Голощекиннің қазақ даласына әкелген зобалаң саясаты 32-33 жж – ашаршылығына, 36-37 жж – саяси қуғындау мен 37-38- саяси қырғынға ұласты. Олай дейтініміз 1938 жылдың өзінде ғана 25 мың қазақ зиялысы атылды.

XX ғасырдың 20-30 жылдарында Сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамның тарихи заңдылықтарына қайшы келетін эксперименттер жасады, оның басты бағыттары:

-Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру,

-Байлар мен ауқаттыларды тап ретінде жою,

-Аса тез қарқынмен елді индустрияландыру,

-Мәдени рухани салада, демографиялық саясатта, ұлт мәселесінде жергілікті халықты орыстандыру,

-Коммунистік идеологиялық үстемдігін орнату.

Қызыл империяның халыққа жат саясаты қазақ даласына қасіретті зардаптар әкелді: жаппай отаршылдықтың салдарынан қазақ халқының жартысына жуығы қырылды; өзінің атамекенінен басқа елдерге ауа көшті, тіл мен діл, дін мен ұлттық сезім, таным жойыла бастады, өз жерінде ұлттық азшылыққа айналды. Осы күнгі ғалымдардың деректері бойынша сол апатты зұлмат жылдарда тікелей аштықтан 1 млн 750 мың адам, яғни елдегі қазақ халқының 42% аштықтың құрбаны болды деп деректеме айтады.

Халықтың қамқоршысы, қамқоры бола білген азаматтар сол кезеңнің сұрқия соты іспетті «үштіктің шешімімен» қыршынынан қиылды. Сталиндік репрессия салдарынан 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскен Алматы қаласы әкімдігінің анықтама мәліметі бойынша 1921 жылдан 1954 жылдар аралығында бұрынғы КСРО-да 3 млн 777 мың адам жазықсыз сотталған, оның 642 мыңы атылып кеткен. Қазақстан миллиондаған совет азаматтарының депортациясына айналған. Сол тоталитарлық жүйенің құзырында 953 лагерь болды. Тек 1937-38 мыңжылдардың өзінде ғана республикада 100 мыңнан астам адам жазықсыз сотталды, оның 25 мыңы атылды.

Дәл осы жылдары қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Алихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Магази Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмуханбетов және Жаханша Досмханбетов атылды.

Репрессияға тіпті түгелдей халықтар да ұшырады.Әр жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ халқы, Қырым татарлары, түріктер, гректер және басқалары жер аударылды. НКВД-ның айрықша бұйрығымен репрессияға ұшырағандардың отбасылары да жазаға тартылды. Олардың әйелдері, апа-қарындастары үшін Ақмола облысында отанын сатқандардың әйелдері жазасын өтейтін «АЛЖИР» лагері жұмыс істеді.

1938 жылдың басында 26 –еңбекке тарту поселкесінде Архипелаг ГУЛАК –тың бөлімшесі болып табылатын әйелдердің арнайы Ақмола бөлімі жұмыс істеді. Мұнда отанын сатқандар отбасы жазаларын өтеді. Бұл бұрынғы КСРО –дағы әйелдер қамалған жалғыз лагерь еді, репрессия кезінде мұнда 20 мың әйел жазасын өтеді.

Тәуелсіз Қазақстанда 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған алғашқы заңдардың бірі «Жаппай саяси репрессияға ұшырағандарды реабилитациялау туралы» құжат болды. 1997 жылдан бастап Президентіміздің жарлығы бойынша 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген.

Ғ.БАЙЖІГІТ, тарихи-мәдени этнографиялық орталық ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.

Түркістан қаласы.

Сурет ашық дереккөзден алынды.