Келмеске кеткен кеңестік кезеңнің артта қалып, ашаршылық пен жұттың тоқырауын бастан кешірген қазақ халқы қысылтаяң уақытта өзгені өзегінен теппей, бауырына басқан. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпайтын дана халықтың қайсар қасиеті ежелден келеді. Ата жұртты аңсап келген ағайынға ақ киіз үйдің төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөле жеген. Осы арқылы атадан балаға мирас болған қандағы көп қасиеттер жоғалмай жолын тапқан. Мұның бәрі тарих күнтізбесінде көрініп тұр. «Алғыс айту» күнінің тереңге жайылған тарихы осында жатыр.

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де, қонақжай қазақ халқына алғыс айтады. Яғни бұл күн, Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсету күні.

«Алғыс айту» күні – айшықты мереке. Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі, қазақстандық патриотизм мен мәдени әралуандықтың салтанат құрған күні. Өз кезегінде, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – өткеннің қайғылы кезеңдері туралы естеліктер, тарихи шындық пен әділдікті қалпына келтіру, өскелең ұрпақты осындай қайғылы оқиғаларды қайталаудан сақтандыру. Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көп этносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. «Алғыс айту» күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.

«Алғыс айту» күні – елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты болып саналады. Демек осы атаулы күн арқылы елдігіміз бен бірлігіміз бекем болып, тыныштығымыз өзгелерге үлгі болары хақ.

Ә.ӘБДІҚАДІРОВ,

Түркістан қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы.