Сайрам аудандық мәдениет үйінде «Ұстазыма мың алғыс!» мерекелік іс-шарасы өтті.

Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, әрі өнегелі тәлім-тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мұғалім болу – жай мамандық емес, қажырлы еңбекті талап ететін ауыр да, жауапты міндет. Ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда. Ендеше, осы үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстаздарымызға алғысымды айтамын. «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» деген сөзіне сай, дарынды да талапты, тәрбиелі де тәлімді шәкірттеріңіз көп болсын! Болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін жасап жатқан еңбектеріңіздің берекесін көріңіздер! Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін!» — деді аудан әкімінің орынбасары.

Салтанатты шара шеңберінде шәкірт тәрбиелеуде еселі еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен, облыстық «Аmanat» партиясының, аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұстаздарды ұлықтауға арналған кеш соңы мерекелік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары мен оқушылар көпшілікке әсем әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.