Түркістан облысының полицейлері «Қорғау» ақпараттық жүйесі арқылы жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзып, әкімшілік айыппұлдарын төлемей жүрген жүргізушілерді анықтады.
Атап айтқанда, Сайрам ауданы аумағында жүйе арқылы 10 автокөлік назарға ілікті. Олардың қатарында Mercedes-Benz, Opel және Changan көліктері бар. Аталған автокөліктерге қатысты төленбеген айыппұлдардың жалпы сомасы жарты миллион теңгеге жуықтаған.
Мәселен, жүргізушілердің бірі Opel автокөлігімен белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін жеті рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда ол салынған айыппұлдарды уақытылы төлемеген. Полицейлер аталған автокөлікті тоқтатып, жүргізушінің берешегін өндіру бойынша тиісті шаралар қабылдады.
Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтаумен қатар, әкімшілік айыппұлдарды да уақытылы төлеу қажеттігін ескертеді.
Мамандардың айтуынша, әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеу – әрбір жүргізушінің заң алдындағы міндеті. Берешекті елемеу оның көлемінің ұлғаюына және заңнамада көзделген қосымша шаралардың қолданылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан көлік иелеріне өздеріне қатысты салынған айыппұлдарды тұрақты түрде тексеріп отыру ұсынылады.
Бүгінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері кеңінен қолданылып келеді. Соның бірі – «Қорғау» ақпараттық жүйесі. Ол құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, жол ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді бақылауға және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері мұндай бақылау жұмыстарының басты мақсаты жүргізушілерге негізсіз талап қою емес, жолдағы тәртіпті нығайтып, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу екенін атап өтеді. Әсіресе жылдамдықты шамадан тыс арттыру жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін көбейтетінін естен шығармаған жөн.
Сонымен қатар көлік жүргізушілері әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын электрондық мемлекеттік қызметтер арқылы тексеріп, төлемдерді белгіленген мерзімде жүзеге асыра алады. Бұл артық әуре-сарсаңның алдын алып, қаржылық міндеттемелерді уақытында орындауға көмектеседі.
Жол қауіпсіздігі тек полиция қызметкерлерінің бақылауына ғана емес, әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне байланысты. Жүргізушілердің заң талаптарын сақтауы, жылдамдық режимін бұзбауы және өзге де жол қозғалысы ережелеріне мұқият болуы адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі шарттарының бірі.
Осыған байланысты Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді жолда мұқият болуға, әкімшілік жауапкершіліктен жалтармауға және айыппұл берешектерін уақытылы өтеуге шақырады. Тәртіп пен жауапкершілік – жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі.
