
Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде жылдағы үрдіс бойынша «5 қазан — Ұстаздар күні» атап өтілді. Мерекелік кеште ауданның ұлағатты ұстаздары қызыл кілеммен жүріп өтіп, алтындай ардақты ұстаздарды қошеметпен қарсы алды.
Мерекелік шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, білім бөлімінің әдіскерлері мен оқу жүйесінің ардагерлері, ұлағатты ұстаздар мен үміт артуға лайық жас педагогтар шақырылған. Салтанатты кездесу «Ұстазыма мың алғыс» атты концерттік бағдарлама форматында өтті.
-Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Жоғары кәсіпқойлықты, зор рухани күшті, даналықты, шыдамдылықты және адалдықты талап ететін игілікті еңбектеріңіз қоғамда лайықты құрметке ие. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай елін сүйетін, білімді жастардың шығарына кәміл сенеміз. Ұстаз деген ұлағатты есімді қастерлеп, Сарыағаш ауданының білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, талантты шәкірттер тәрбиелеп келесіздер. Осы орайда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосқан ұстаз – ардагерлерге ерекше алғыс айтамыз,- дей келе аудан басшысы Арман Абдуллаев ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, марапаттады.
Сонымен қатар, салтанатты шарада құрметті қонақтары ауданның атын асқақ етіп, ұлт болашағын тәрбиелеуде аянбай тер төгіп жүрген 70-тен аса ұстазды Түркістан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» , «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Еліміздің кәсіби өнерпаздары, ҚР мәдениет қайраткерлері әуезді әндерімен ұстаздарға мерекелік күй сыйлап, «Шамсинұр» би ансамблі кештің көркін қыздырды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйіне жиналған 500-ге жуық педагогқа гүл шоқтары табысталып, концерттік бағдарлама мен ұстаздардың шығармашылық жұмыстарының жетістіктері насихатталды.
Айта кетсек, ауданда жалпы білім беру ұйымдарында 6000-нан астам педагог еңбек етеді. Оның ішінде 5685 педагог мектептерде, ал мектепке дейінгі мекемелерде 600-ден аса тәрбиеші жұмыс істейді.
Сарыағаш өңірінде өнегелі ұстаздар білім беру саласында отыз жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді.
“Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деген жақсы бір сөз үнемі жас ұрпақ тәрбиелеумен бірге жас мұғалімдерге де білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отыратындығын меңзесе керек. Осындай ұлағатты ұстаздар әулетінің бірі – Дүйсебаевтар отбасы.
Ерлі-зайыпты Абдумүтәліп Дүйсебаев пен Ажар Жасұзақова отыз жылдан артық білім беру саласында жемісті еңбек етіп келеді.
Абдумүтәліп Дүйсебаев пен Ажар Жасұзақова 1989-1994 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтында оқып, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. 1992 жылы отау тігіп, бүгінде жарқын өмір құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр. 1994 жылы Қапланбек а/о-дегі №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектебінде ең алғашқы еңбек жолдарын бастайды. Ұлы көшін соңынан ерткен ерлі-зайыпты ұстаздар әлі күнге аталмыш білім ұясында табан аудармай қызмет атқарып келеді.
Педагогика бағытында 30 жылдан аса еңбек етіп жатқан ерлі-зайыпты мұғалімдер білім беру саласына еңбегі сіңген ұстаздар деп айтуға әбден болады. Ұстаздық қызметте арнайы төс белгілермен наградталып, құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталған. Сонымен қатар,отыз жылдан астам бірге түтін түтетіп, 5 ұл-қыздан 10 немере сүйіп отыр. Ең қызығы, ұл-қыздары да ата-анасының ізін жалғап, ұстаздық мамандығының тұтқасын ұстады.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан ұстаздарын мерекелерімен құттықтады: «Құрметті ұстаздар, білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Жоғары кәсіпқойлықты, зор рухани күшті, даналықты, шыдамдылықты және адалдықты талап ететін игілікті еңбектеріңіз қоғамда лайықты құрметке ие. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай елін сүйетін, білімді жастардың шығарына кәміл сенеміз.
Ұстаз деген ұлағатты есімді қастерлеп, Сарыағаш ауданының білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, талантты шәкірттер тәрбиелеп келесіздер. Осы орайда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосқан ұстаз – ардагерлерге ерекше алғыс айтамыз!
Еліміздің ертеңі мен кемел келешегі үшін жасап жатқан қызметтеріңізге табыс, Өздеріңізге зор денсаулық, бақыт, сарқылмас күш-қуат, білім шыңына шығармашылықпен өрлей берулеріңізге тілектеспін! Білімді және саналы шәкірттеріңіз көп болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!» делінген құттықтауда.