Елімізде кедендік рәсімдерді жетілдіру және сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бүгінде енгізіліп жатқан “Keden” ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдар мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін маңызды цифрлық платформаға айналуда. Бұл жайында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Маликов брифингте мәлімдеді.

“Keden” жүйесі — электрондық декларациялауды, кедендік деректерді өңдеуді, тауарлардың мемлекеттік шекара арқылы қозғалысын бақылауды және мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Жүйенің басты мақсаты – кедендік рәсімдерді оңтайландыру, адам факторын азайту және процестердің ашықтығын арттыру. Саланы толық цифрландыру және қағаз құжат айналымынан кезең-кезеңімен бас тарту нәтижесінде кедендік ресімдеу айтарлықтай жеделдетілді. Бұл өз кезегінде тауарлардың кедендік рәсімдерден өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді» — дейді спикер.

Сондай-ақ, “Keden” жүйесі бизнес өкілдеріне құжаттарды электрондық форматта ұсынуға, декларациялардың мәртебесін онлайн бақылауға және кеден органдарымен бірыңғай цифрлық жүйе арқылы өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпкерлер үшін рәсімдерді жеңілдетіп қана қоймай, уақыт пен әкімшілік шығындарды азайтуға ықпал етеді. Ал, мемлекеттік органдар үшін жүйе бақылау тиімділігін арттырып, аналитикалық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сонымен қатар, сыртқы сауданы әкімшілендірудің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аударылған. Жүйеде қол жеткізу құқықтарын саралау, деректерді қорғалған арналар арқылы беру секілді заманауи технологиялар қолданылады. Жүйені әзірлеу жұмыстары 2024 жылдың сәуір айынан бастап кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда “Keden” жүйесінде бұрынғы “АСТАНА-1” ақпараттық жүйесінде болмаған бірқатар жаңа функционалдар енгізілген. Атап айтқанда, экспресс-жүктер бойынша бұрын кедендік декларациялау қағаз түрінде жүргізілсе, бүгінде 100 пайыз электрондық форматта. Сондай-ақ, алдын ала ақпарат беру мен транзит рәсімдері автоматтандырылса, кедендік баждар мен салықтарды қамтамасыз ету, тауарларды сақтау процестері де цифрландырылды. Мәселен, уақытша сақтау қоймаларында электрондық қойма жүйесін жүргізу мүмкіндігі енгізілді. Сонымен қатар, жүйеде пайдаланушылардың жұмысын жеңілдететін бірқатар қосымша функциялар қарастырылған. Атап айтқанда, құжаттарды толтыру кезінде кеңестер беру, автотолтыру, деректер форматын логикалық тексеру және басқа да қызметтер енгізілген.