Қазан айы басталғалы ауданның егде тартқан қарт адамдары басты назарда. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінуде. Аталмыш мейрамға орай Түлкібас аудандық «Шамшырақ» апталық қоғамдық саяси газетінің тілшілері соғыс ардагерінің шаңырағында болып, қадірменді қартты мерекесімен құттықтады. Батыр ақсақалдың, қасиеті мен құрметі ерек қарияның хал-жағдайын сұрап, біраз тарихқа көз салып, әдемі әңгіме өрбіттік. Ұлының қолында тұратын ҰОС-ның ардагері, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Мұратәлі Төлепбергенұлы тілшілерді есік алдынан өзі қарсы алды. Биылғы жылы 99 жастан асқан ардагер әлі болса тың, бабында. Бүгінгі жағдайының жақсы екенін жеткізіп, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тіледі.

Ел бірлігін құрандай ардақтаған абыз атаның қарттар күніне орай ақ тілегін, жастарға деген батасын жазып алдық. “Соншама жыл өтсе де ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмады, ұмытылмай­тынын да дәлелдеп отыр. Өйткені, сұрапыл соғыста жауынгерлер Жеңіс сағатын минуттап күтті. Сол қасиетті жолда қаншама боздақтар қыршынынан қиылды, қаншама отбасы ойран болды. Бүгінгі мере­кенің құндылығы мен қымбаттылығы осыдан. Демек, боздақтардың бақытты өмір үшін төккен терлері, аққан қандары бекер кетпеді. Сенімдері мен үміттері ақталды балам!… Жастарға айтарым, ең бірінші халқыңның, қазақ ұлтының мәдениетін сақтауға, қазақ халқының мемлекет болып отырғанына өз үлестерін қосу керек. Ұлттық мәдениетті сақтамай, ұлттық тілімізді, дінімізді сақтамай мемлекет бола алмаймыз. Ана тілімізді басқа ұлттарға басындырмай, өз ұлтымыздың тілін қадірлей біліміз керек. Қазақта мақал бар «әділ жігіт ел бастар, шешен жігіт сөз бастар, батыр жігіт қол бастар», — дейді әділдік жолы адамның бойында болса міне, сол адамгершілік”-дейді тоқсан тоғыз қыстың басын қайтарған ардагер абыройлы ғұмырын парасат биігінен түспеген Мұратәлі Төлепбергенұлы.

Қазіргі таңда 2 ұл, 6 қыздан 40 шақты немере шөбере сүйіп отырған әулетті қария. Құдай берген, құт қонған, тәңірдің көзі түскен бір шаңырақ болса осындай болсын. Отан үшін от кешкен майдангер Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қалалары үшін шайқасты. Қан майдан шебінде жан аямай, ерлік көрсеткені үшін «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медалдарымен марапатталған. Ғасыр жасаған қария 1925 жылы 20 мамырда қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келген.

Біз өткенімізді өшірмей, елдің бірлігі мен ынтымағы жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерімізді әрдайым дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Өйткені «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп тегін айтпаған. Сіздер бізге және өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа өмір жолдарыңыз өнеге, еңбек жолдарыңыз үлгі боларлық ақылман, данагөй тұлға, саялы бәйтерексіздер. Отан үшін от кешкен ержүрек ерлеріміздің арқасында біз бүгінде бейбіт өмір сүріп отырмыз. Сондықтан қан майданда қасық қаны қалғанша аянбай ерлік көрсетіп, елі мен жерін қорғаған ардагерді ардақ тұтып, алдында бас иеміз!