«1 қазан – Халықаралық қарттар күні». Бұл мереке 1990-жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысы негізінде кең көлемде аталып келеді. Аталмыш мерекені тиісті деңгейде атап өтіп, қазыналы қарттарына құрмет көрсетуші мемлекеттер қатарында Қазақстан да бар.

Аталмыш мереке аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың бастамасына сәйкес аудандық ішкі саясат бөлімі мен мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен мемлекеттік қызмет саласының ардагерлеріне мерекелік дастархан жайылып, сый-құрмет көрсетілді. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп, Мырзашөл өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан қазыналы жандарға құрмет көрсету барысында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың алғыс хаттары табысталып, иықтарына қазақы дәстүрмен зерлі шапан-комзолдар жабылды.

Салтанатты шара барысында ақсақалдар Мырзашөл даласының кешегісі мен бүгінін, тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін айтып, осынау бейбіт заманның қадірін ұғынуға, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттер мен бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге шақырды.

Бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен жандардың төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтуде аудандық «Жетіссай» мәдениет үйі өнерпаздары да өз үлестерін қосып әсем әннен шашу шашты.

«Қай заманда, қай қоғамда болмасын қарияның аты қария, орны әрқашан да төрде болмақ. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, берекесін асыруда, ұрпақ тәрбиесінде қарттарымыздың рөлі үлкен. Біздің ол кісілерден үйренеріміз әлі көп» дейді шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Күлішұлы.