
Түркістан облысында медицина саласын дамыту, ғылым мен технологияның заманауи жетістіктерін қолдана отырып, халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында бүгін Ордабасы ауданы, Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Елімізде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтіп, жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
– Алдымен баршаңызды кеше өткен Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек» деп, нақты тапсырма жүктеген болатын. Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір тұрғынның бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Сондықтан тұрғындардың денсаулығын қорғау – өңір дамуының стратегиялық бағыты. Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналуда. Облыста 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі – Қараспан дәрігерлік амбулаториясының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне қызмет етіп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлеріміз өз істеріне адал болып, еліміздің бұдан әрі дамуына өз үлестерін қоса береді деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Нысанның құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Лидер Строй» ЖШС атқарды. Жаңа медициналық нысан Түркістан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ордабасы орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК теңгеріміне берілді. Жобаның құны – 201 млн. теңге. 0,25 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы алаңы – 376,9 шаршы метр. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді. Нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Дәрігерлік амбулатория тіс дәрігері, физиотерапия, акушер-гинекология, кеңейтілген мейіргер бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек босату орны, дені сау бала бөлмесі, күндізгі ем алу бөлмесі, сүзгі бөлмесі, ине және екпе егу бөлмесі, дезинфекциялық ерітінді дайындау бөлмесі, дәрі-дәрмек қоймасы, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған арнайы кабинеттермен қамтылған. Дәрігерлік амбулатория бір мезетте 100 адамды қабылдай алады. Қараспан ауылдық округіндегі ауылдар мен елді мекендерде тұратын 14 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсететін болады. Алдағы уақытта да облыста денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылады.
Айта кетейік, денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда 73 нысанға қажеттілік бар. Нақты жоспар түзіп, 3 жылда кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті.
Ордабасы ауданының Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы – Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бұл медициналық нысан ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға айтарлықтай әсер етеді. Түрлі медициналық қызмет түрлерін ұсынатын заманауи амбулатория 52 медицина қызметкерін жұмысқа тартуға мүмкіндік беріп, жергілікті тұрғындар үшін денсаулық сақтау саласында қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.
Жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы – облыс басшылығының денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөліп, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Бұл нысан ауылдық жерлерде медициналық көмекке қолжетімділікті арттыруға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға маңызды ықпал етеді. Алдағы уақытта осындай жобалар Түркістан облысының басқа аудандарында да жүзеге асырылып, өңірдегі медициналық қызмет көрсету деңгейі артатын болады. Айта кетейік, облыстағы денсаулық сақтау саласы үшін маңызды реформалар мен жаңартулар үздіксіз жүзеге асырылуда. Жаңа медициналық нысандарды салу мен ескі құрылымдарды жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Осыған қосымша, жедел жәрдем көліктері мен медициналық құрал-жабдықтарды жаңарту ісі де қолға алынған, бұл өңірдегі алғашқы медициналық көмек көрсетуді сапалы әрі тиімді етуге бағытталған нақты қадамдар болып табылады.
