Бүгінде Жетісай ауданында тұрақты түрде жұмыс істейтін 25 мал бордақылау алаңы бар. Аудан әкімі Серік Мамытов осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында бірнеше шаруашылық нысандарын аралады. Алдымен әкім Мақталы ауылдық округіндегі «Мүйтембай ата» шаруа қожалығында болды. Бұл қожалықта қазіргі таңда 200 бас ірі қара мал бордақылануда. Өндірілген ет өнімдері негізінен Жетісай және Мақтаарал аудандарының тұрғындарына сатылуда. Қожалық жылына 500 басқа дейін мүйізді ірі қараны бордақылап, 150 тонна ет өндіреді. Шаруа қожалықтың төрағасы Нұржігіт Мүйтембаев бұл кәсіпті осыдан 15 жыл бұрын бастаған. Малдың жем-шөбі шаруашылықтың өз егістік алқаптарында дайындалады.

Сонымен қатар, аудан басшысы «Оңалбай ата» шаруа қожалығы мен «Тайтенов Е» жеке кәсіпкерлігінің мал бордақылау алаңдарында болды. «Оңалбай ата» қожалығында 31 бас асыл тұқымды ақбас сиыр болса, «Тайтенов Е» қожалығында 220 бас жылқы мен 300 бас қой бордақылануда. Айта кетейік, жыл басынан бері ауданда 5 600 тонна ет, 27 900 тонна сүт және 7 миллионнан астам жұмыртқа өндірілген.

Қазіргі таңда ауданның ауылшаруашылық саласы тұрақты даму үстінде, жыл басынан бері өндірілген ет, сүт, жұмыртқа көлемі оның дәлелі болып табылады. Мал бордақылау алаңдарының тиімділігі мен қолданылатын әдістердің жаңашылдығы Жетісай ауданын болашақта аграрлық өндірістің ірі орталығына айналдырып, ауыл шаруашылығына бағытталған инвестициялар көлемін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.