Биыл елімізде алғаш рет 29 қазан – Кәсіпкерлер күні ресми түрде атап өтілуде. Бүгінгі таңда облыста 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі қызмет етіп, облыстың дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Өңірдің бизнес өкілдерімен арнайы кездескен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.

Салтанатты шарада облыс басшысы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының жеңімпаздарын және кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартуда үздік нәтиже көрсеткен компанияларды марапаттады. Сондай-ақ өңір экономикасына инвестиция тартуда және жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан кәсіпкерлер де облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Түркістан облысы мәслихатының төрағасы, кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, үздіктерді марапаттау рәсімін жалғастырды. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлер қауымын мерекемен құттықтап, бизнес өкілдерінің еңбегін жоғары бағалап өтті.

Шара аясында өңірдің кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін бірқатар азаматқа «Адал еңбегі үшін» ІІІ дәрежелі медалі, «Атамекен» ҰКП Құрметті қызметкері» төсбелгісі, Құрмет грамоталары және алғыс хаттар табысталды.

Өңірдің үздік кәсіпкерлері облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасына көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын білдіріп, өз тәжірибелерін бөлісті.

Түркістан облысында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында көлемі 2400 гектарды құрайтын жаңадан 11 индустриалды аймақ құрылып, олардың саны 20-ға жетті. Индустриалдық аймақтарда құны 152 млрд. теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде, жаңадан 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бюджетке жылына 2,1 млрд. теңге салық түсіру көзделуде. Бүгінгі таңда 39 млрд. теңгені құрайтын 50 жоба іске қосылып, 2 603 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 1 374 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақтарда 155,3 млрд. теңгеге 13 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 2 мыңға жуық азамат жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Бұл аймақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлерге заңмен көзделген салықтық, кедендік және тағы басқа қосымша жеңілдіктер қарастырылған.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің қаржысын және уақытын тиімді пайдалану мақсатында 100 гектар аумақта шағын өндірістік парктер жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салынып, 308 млрд.теңге инвестиция тартылмақ. Нәтижесінде, 6 мыңға жуық жұмыс орнын құру, бюджетке жылына 6,7 млрд. теңге салық түсіру көзделуде. Бүгінде 32 жоба бойынша 40 ғимарат салынып, жаңадан 1 220 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, тоңазытқыш өндіретін «UBC Group», жиһаз өндіретін «Aqniet Holding», жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» кәсіпорындары өз жұмыстарын жүргізуде.

Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін жалпы құны 2,6 трлн. теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Инвестициялық жобалардың негізгі бағыттары энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу болып табылады. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд. теңге салық түседі.