
Түркістан қаласында қазақ күресінің дамуына серпін беретін «Qazaq Kuresi» Ассоциациясы атқарушы комитетінің отырысы өтті. Азия чемпионаты аясында ұйымдастырылған бұл басқосу ұлттық спорттың стратегиялық бағытын айқындап, халықаралық деңгейдегі жаңа бастамалардың негізін қалаған тарихи шара болды. Жиынға Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбек, «United World Wrestling» ұйымының өкілі Онур Шимшек, аталған чемпионаттың бас төрешісі Эдмар Абдулаев, сала ардагерлері Марат Жақит пен Серік Түкеев, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік федерациялардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиында «Qazaq Kuresi» Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов өз баяндамасында соңғы жылдары төл күресіміздің халықаралық деңгейде танымал бола түскенін атап өтті. Ұйымның бастамасымен 11 Әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа және 2 Африка чемпионаты сәтті ұйымдастырылған. Сонымен қатар, төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған бірыңғай аттестациялау мен біліктілікті арттыру жүйесі енгізілді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін Ассоциация құрамында 8 комитет пен 3 департамент құрылып, төрешілік, медицина, халықаралық ынтымақтастық, маркетинг және даму бағыттары бойынша нақты міндеттер бекітілген. Шара барысында қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу мәселесі де талқыланды. Олимпиадалық Кеңестің талабына сай қазақ күресі Азияның кемінде 25 елінде дамып, 12 мемлекет қазақ күресінің чемпионаттарына тұрақты қатысулары қажет. Сондай-ақ, допингке қарсы саясат, гендерлік теңдік және бірыңғай төрелік жүйе болуы міндет. Дамир Бекбосыновтың айтуынша, бүгінгі таңда қазақ күресі бұл талаптардың басым бөлігін орындап отыр. Яғни, қазақ күресі Азияның 15-тен астам елінде тұрақты дамуда, төрешілер UWW жүйесімен лицензиялануда, ал қазақ күресінің жаңартылған ережесі халықаралық стандарттарға сай.
Жиын барысында Азиялық «QazaqKuresi» Ассоциациясы құрылды. Жаңа құрылымның басты мақсаты – Азия құрлығындағы барлық ұлттық федерациялардың жұмысын үйлестіру, бірыңғай жарыс күнтізбесін бекіту және спортшылардың халықаралық деңгейде аттестациядан өтуін қамтамасыз ету. Жаңадан құрылған ұйымның президенті болып Хариш Тияги, ал бас хатшысы болып Парвин Тияги сайланды. Жиын соңында «Qazaq Kuresi» ассоциациясының басшысы Дамир Бекбосынов қазақстандық және шетелдік федерацияларға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап әр шетелдік федерация өз елінде чемпионат өткізуі, ал тоқсан сайын онлайн отырыстарға қатысуы тиіс екендігі айтылды.
