25 қазан – Республика күні қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Республика жастары: Болашаққа бағдар – елге қызмет» атты жастар форумы өтті. Шараның мақсаты – жастарды еңбексүйгіштікке баулу және кәсіби бағыт-бағдар бере отырып, олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру.

Форумға спикер ретінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратова және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Бекежан Мырзабаев қатысты.

Форумда алғашқы сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Республика күнімен құттықтады.

– Қасиетті Түркістан төрінде еліміздің болашағын айқындайтын ең үлкен құндылық – жастық жігер мен ұлт рухын біріктірген маңызды форумда бас қосып отырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесінде жастардың үлесі мен белсенділігі ерекше маңызға ие. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Жастардың әлеуетін арттыру – ел дамуының басты кепілі» деп атап өткен болатын. Шынында да, жастар – қоғамның ең сергек, ең жаңашыл бөлігі. Олар заманауи технологияларды, жаңа басқару тәсілдерін игерген, білімге құштар және мемлекетке қызмет етуге дайын буын. Сондай ақ мемлекеттік қызметтегі жастар – елдің дамуына серпін беретін стратегиялық ресурс, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Шара барысында 2025-2026 оқу жылында Департамент жанындағы

«Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебіне қабылданушы студенттерге арнайы белгішелер табысталды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысында 3457 мемлекеттік қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде жастардың үлесі тұрақты артып келеді.

Бұл форум Түркістан облысының жастары үшін үлкен мүмкіндіктер ашатын маңызды шара болып табылды. Жастарға арналған осындай іс-шаралар олардың қоғамдағы рөлін арттырып, өз саласында кәсіби дамуға септігін тигізеді. Форум жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, оларды еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуына атсалысуға ынталандыруды мақсат тұтады. Мемлекеттік қызметте жастардың белсенділігін арттыру – ел болашағының сенімді негізі.

Форумға қатысқан спикерлердің айтқан ойлары жастардың мемлекетке деген адал қызметі мен еңбекқорлығын одан әрі нығайтуға бағытталған. Жастардың заманауи технологияларды меңгеруі және жаңа басқару әдістеріне бейімділігі елдің мемлекеттік қызметін жаңартуға және дамытуға ықпал етеді. Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметкерлердің жастармен толықтырылған құрамасы – бұл облыстың болашағы үшін оң үрдіс, өйткені жастардың жаңа көзқарастары мен идеялары жаңа серпін береді.

Түркістан облысындағы жастардың мемлекеттік қызметке тартылуы – бұл тек облыс деңгейіндегі емес, жалпы еліміздің болашағына бағытталған маңызды қадам. Жастардың мемлекеттік қызметке араласуы олардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, елдегі түрлі реформалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда елеулі рөл атқарады. Бүгінде мемлекеттік қызметтің барлық саласында жаңашылдық пен жастардың белсенділігін арттыру арқылы ғана біз өз мақсатымызға жетіп, еліміздің дамуына зор үлес қоса аламыз.