Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резерві үлгісінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске асырып келеді.

Жоба мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және оң өзгерістерді жүзеге асыруға қабілетті жаңа буын көшбасшыларын даярлау.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жобаның қорытынды кезеңінде кадрлық резервке енген педагогтермен арнайы кездесіп, сертификаттар табыстады.

Биыл 411 үміткер қорытынды бағалаудан өтіп, әңгімелесуге шақырылса, нәтижесінде 403 қатысушы кадрлық резервке қабылданды.

Соның ең көп көрсеткіші Түркістан облысына тиесілі – 56 педагог!

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында қатысушылар базалық, сараптамалық және кәсіби деңгей бойынша дайындықтан өтті.

Жобаны сәтті аяқтап, кадрлық резервке енген педагогтар бос басшылық лауазымдарға конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ тағайындалу құқығына ие болды.

Айта кетсек, жоба басталғалы бері Түркістан облысының білім беру ұйымдарынан 1200-ден астам педагог бағдарламаға қатысып келеді.

2023 жылы – 26, ал 2024 жылы – 43 педагог резервке енді.

Осылайша екі жыл ішінде жалпы 69 педагог (47 басшы орынбасары, 22 педагог) резервке енді. Олардың 53-і (78%) бүгінде лауазымға тағайындалған, соның ішінде 45-і – басшы, 8-і – басшының орынбасары қызметін атқарып жүр.

Бұл көрсеткіш Түркістан облысының педагогтеры білім сапасын арттыру, басқару мәдениетін дамыту және білім беру саласында жаңа серпін қалыптастыру жолында табанды еңбек етіп келе жатқанын дәлелдейді.

Түркістан облысының педагогтары арасындағы осындай жоғары нәтиже – олардың білім беру саласында зор өзгерістерге ұмтылып, кәсіби деңгейлерін арттыруға деген ынтасының көрінісі. Бұл жоба тек педагогтер үшін ғана емес, бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды қадам болып табылады. Өйткені, жаңа көшбасшыларды даярлау арқылы болашақта білім беру жүйесінің тиімділігі артады және инновациялық әдістерді енгізу жеңілдейді. Әрбір қатысушы өз аймағында көшбасшы болуға ұмтылып, балалардың сапалы білім алуына септігін тигізетін болады.

Түркістан облысы үшін бұл көрсеткіш айтарлықтай үлкен жетістік. Аймақтың педагогтары кадрлық резервке кіру арқылы облыс мектептерінде тиімді басқару жүйесін орнатуға мүмкіндік алады. Әсіресе, облыс мұғалімдерінің көпшілігі жаңа қызметке тағайындалғаннан кейін, басқару мәдениетін дамытуда жаңа тәсілдер мен әдістерді қолдануға ықпал етеді. Бұл облыс білім беру саласындағы реформаларды жүзеге асыруда көшбасшы бола алатынын көрсетеді.