
Кентау қаласында 2024–2025 жылдарға арналған қазандықтарды қайта құру және жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Қаланың жылу орталықтарына автоматтандырылған басқару жүйесі орнатылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов №5 Жылу энергия орталығында болып, жылыту маусымының алғашқы жұмыс барысын бақылады.
Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 44,8 шақырымды құрайтын ішкі орам жылу желілерін жаңғырту жұмыстары толық аяқталған. Аталған орталыққа қосылған 14 мыңға жуық абонент бар. Оның ішінде, бюджеттік мекемелер саны – 108, жеке секторлы тұрғын үйлер саны – 2 295, көпқабатты тұрғын үйлер саны – 347, коммерциялық нысандар саны – 441.
Жаңа жылу маусымына дайындықтың аяқталуы Кентау тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Қазір қаладағы жылу жүйелері толыққанды жаңартылып, тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелер тұрақты түрде жылумен қамтамасыз етіледі. Бұл жаңартулар халықтың өмір сапасын жақсартып, аязды күндерде жылу тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, автоматтандырылған басқару жүйесінің енгізілуі жылу энергиясын үнемдеуге ықпал етіп, қызмет көрсету үдерісін жеңілдетті. Бұдан әрі жылу орталықтарын цифрлық бақылау арқылы олардың жұмысын тиімді жүргізу көзделіп отыр. Жүйе ақауларды жылдам анықтап, жоюға мүмкіндік беретін болады, бұл тұрғындар үшін маңызды артықшылық.
Жаңа технологиялардың енгізілуі Кентау қаласының инфрақұрылымын заманауи деңгейде жаңартып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
