
Түркістан облысында «Өрлеу» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 11,7 млрд теңгені құрайтын 29 жоба қолдау көрсетілді. Аталған кәсіпорындармен танысу мақсатында БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.
Сапар аясында журналистер бірінші кезекте «QazEcoPack» кәсіпорнының жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын — өндірісте, тұрмыста және кеңсеге керек жабысқақ лента және жүк орайтын стрейч-плёнка шығарады. Зауыт жылына шамамен 1 200 тонна өнім шығарады. Өнімдер жоғары сапасымен, беріктігі және қолданудағы әмбебаптығымен ерекшеленеді. Кәсіпорын экологиялық таза шикізатты және заманауи технологияларды пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сай өнім ұсынады.
Одан кейін БАҚ өкілдері Түлкібас ауданында орналасқан «Beibars Bottlers» ЖШС-ң жаңа өндіріс орнын аралады. Завод газдалған және газдалмаған сусындар, табиғи шырындар мен минерал су өндіреді. Негізгі өнімі — әлемге танымал «RC Cola» бренді. Зауыт жылына 120 мың тонна сусын шығарады. Өндіріс процесінде заманауи еуропалық жабдық пен сапасы мұқият бақылауда болатын табиғи су пайдаланылады. Компания «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 12,6%-бен жеңілдетілген несие алып, өндірісті одан әрі дамытуда. Бұл қадам кәсіпорынның тұрақты өсуіне және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашып отыр. Сапар соңында журналистер «МК ALTYN NAN» ЖШС-да болды. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 500 тонна ұн өндіруге мүмкіндік береді. Кешен құрамындағы екі диірмен мен 105 мың тонналық элеватор астықты қабылдап, өңдеп және жыл бойы сақтай алады. Өндіріс процесінде дәстүрлі технологиялар мен заманауи жабдықтар үйлесім тапқан. Ұн тек іріктелген жоғары сапалы бидайдан өндіріледі. Бүгінде «ALTYN NAN» жоғары, бірінші және екінші сорттағы ұн шығарып, отандық нарықта сенімді брендке айналып келеді. Компания алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, экспортқа шығу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Түркістан облысындағы «Өрлеу» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалар аймақтың экономикалық дамуына айтарлықтай серпін берді. Бұл бағдарлама кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және жұмыс орындарын құруға бағытталған. Биылғы жылы қолдау алған жобалар кәсіпкерлікті дамытуда үлкен рөл атқарып, кәсіпорындардың аймақтық және халықаралық нарықтарға шығып, өз бәсекеге қабілеттілігін арттыруына мүмкіндік берді.
Айта кетерлігі, «Өрлеу» бағдарламасы тек кәсіпорындарға ғана емес, сонымен қатар аймақ тұрғындарына да көп пайдасын тигізуде. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Осылайша, бағдарлама ауыл шаруашылығынан бастап өндіріс пен сервистік секторға дейін түрлі салаларда қолдау көрсетіп, Түркістан облысының экономикалық әлеуетін жақсартуға бағытталған кешенді шаралардың жүзеге асырылуына мүмкіндік берді.
Бұған қоса, алдағы уақытта бұл жобалардың нәтижелері аймақтық экономиканың драйверіне айналып, кәсіпкерлік пен индустриализация процестерін күшейтетін болады. Түркістан облысы тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы ірі өндірістік хабтардың біріне айналуға әлеуеті бар. Ал «Өрлеу» бағдарламасы осы мүмкіндікті жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып келеді, өйткені ол кәсіпорындардың инновациялық дамуын қолдап, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға ықпал етеді.
