Жетісай ауданының кімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысына «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов пен аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейірхан Құрбанбаев, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, квазимемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібіне енгізілген аудандағы көші-қон саласындағы жұмыстар мен жол көлік оқиғаларының профилактикасы, оның ішінде адам өліміне алып келген оқиғалардың, алаяқтық қылмыстарының алдын алу шаралары бойынша аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев баяндама жасаса, Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті Жетісай аудандық қылмыстық-атқару инспекциясы пробация бөлімінің басшысы Нартай Сабаев пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру органдарынан босатылған адамдарды жұмыспен қамту шараларына тарту және бекітілген квотаның орындалуы туралы мәлімет берді.

Ал, «Отбасын қолдау орталығы» КММ басшысының белгілі себептермен жиынға келе алмауы салдарынан күн тәртібіндегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы және отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жұмыстар қаралмады.

Жиын соңында аудан басшысы жауапты сала басшыларына шет елдерден келген жұмысшыларға ай сайын тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстауды, аудан аумағындағы жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын қауіпті учаскелерді анықтап, жасанды жол кедергілері мен жол белгілерін орнатуды, алаяқтық қылмысына қатысты тұрғындар арасында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Жиында қозғалған әрбір мәселе – қоғам қауіпсіздігі мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтың жолын кесу және әлеуметтік осал топтарды қолдау – жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының күн тәртібінен түспейтін міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі пәрменді түрде жалғасуы қажет.

Бүгінгі таңда құқықтық сауатты, тәртіпті қоғам қалыптастыру – еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп, ортақ жауапкершілікпен жұмыс атқаруы аса маңызды. Бұл тұрғыда Жетісай ауданында қабылданған шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталып отыр.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын басшылыққа ала отырып, билік пен халық арасындағы сенімді нығайту, қоғамдық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бұл мақсатта Жетісай ауданында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін береді деп сеніммен айтуға болады. Тәртіп орнаған жерде тұрақтылық пен даму бар. Ал тұрақтылық – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылығы.