
Қарттықты құрметтеу және үлгі тұту, қарт адамдардың сіңірген еңбектерін, мемлекеттің дамуына қосқан көптеген үлестерін мойындау белгісі ретінде Қазақстанда жыл сайын 1-қазан күні Халықаралық қарттар күні аталып өтуде.
1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында қазыналы қарияларымызға, ақылгөй ақсақалдарымызға, ақ жаулықты аналарымызға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының ашылу салтанаты және мерекелік іс-шарасы өтті. Атаулы іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасы және мүшелері, аудандық «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының мүшелері, ауданның көптеген зейнеткерлері мен аудан активі арнайы қатысты.
Мерекелік шара барысында аудан басшысы Азизхан Азимханұлы құттықтау сөз сөйледі.
— Ардақты ағалар мен ақ жаулықты аналар! Текті жұртымыз ежелден-ақ үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді қанына сіңген әдет-ғұрып ретінде қалыптастырған. Осы орайда, мереке қарсаңында ашылып, пайдалануға беріліп отырған бұл орталықты, сіздерге деген үлкен құрметіміз бен сыйымыз деп біліңіздер. Бабалар жолын жалғап, қазіргі қоғамның қисығын түзеп, бұзығын жөнге салып, ақыл-кеңесімен баршаға жол көрсетіп отыратын өздеріңіз. Баршаңызды мерейлі мерекемен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін, – деген аудан әкімі ыстық ықыласын білдірді.
Сондай-ақ бірнеше қария қоғам дамуына қосып жүрген үлестері үшін арнайы аудан әкімінің және аудандық Ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мерекелік шараға келген аға буын өкілдері ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Айта кетейік, «Белсенді ұзақ өмір» орталығы зейнет жасынан асқан қарияларға, ардагерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде бос уақытты жүйелі өткізуді ұйымдастыру және сол арқылы оларды қоғамның белсенді өміріне тарту бағытында жұмыс істейді. Ол үшін орталықта спортпен айналысатын зал, массаж бөлмесі, медициналық, психологиялық, құқықтық көмек бөлмелері, сенсорлық бөлме, тұзды шахта, ақ жаулықты аналарға арналған еңбек терапиясы, яғни, тігін тігу кабинеті, теннис, бильярд үстелдері, дойбы және емдік шәйларға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Бұл орталықта 17 адам тұрақты жұмыс істеп, айына 170, жылына 2 мың адамға дейін қызмет көрсетеді.
Сонымен бірге, Ізгі тілекпен, Қазығұрт ауданынының әкімі Азизхан Исмаилов ауданның қазыналы қарттарын мерекелерімен құттықтады: «Құрметті аудан тұрғындары! Қадірменді қазыналы қариялар!
Текті жұртымыз ежелден-ақ «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді қанына сіңген әдет-ғұрып ретінде қалыптастырып, бала тәрбиесіндегі басты қағидаға айналдырған. Сондықтан болар, елімізде «Қариясы бар елдің – қазыназы бар» немесе «Қарттарым – асыл қазынам» деген сөздер жиі айтылып, қай жерде болсын алдыңғы буын ата-апаларымызға деген құрмет жоғары деңгейде көрсетіліп жатады. Қазақ қоғамында қарт адамдар – елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі және қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген ақылдың кені болған. Осындай қарияларымыз өзара жиналып, кеңес құрып, әрқашан қоғамдағы түйіні шешілмеген түйткілдерді шешіп, ел арасындағы мәселелерді реттеп отырған. Ол дәстүр бүгінге дейін сақталған. Мысалы, бүгінде елімізде ауызы дуалы, абыройы асқақ, қарағайдай қарияларымыздан құралған билер алқасы, «Ардагерлер кеңесі» және «Әжелер алқасы» секілді қоғамдық ұйымдар бар.
1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында 1 – қазан Халықаралық қарттар күні деп белгіленді. Содан бері, қазан айының бірінші жұлдызында әр жылы бұл мереке жер-жерде аталып, қарияларға жоғары дәрежедегі құрмет көрсетіліп, ыстық ықыластар мен жылы лебіздер, жақсы құттықтау тілектер айтылып жатады.
Қадірменді қазыналы қариялар!
Ардақты ағалар мен ақ жаулықты аналар!
Сіздердің бүгінгі жас буын, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік пен патриотизмді насихаттап, ел арасында ынтымақты, ұлт аралық татулықты сақтап жүргендеріңіз үлкен алғысқа лайық іс.
Осы орайда баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға, жақын туыстарыңызға зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін.
Қариялар — ол әр шаңырақтың бақ айналып қонар қасиетті тұғыры, берекесімен ұстыны, ақылгөйі мен тілеу қоры. Әрқашан қарияларымыз, ақ жаулықты алтын құрсақ әжелеріміз аман болсын!» делінген құттықтауда.