
Бүгін Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының мәдениет күндері басталды. Этноауыл аумағында қара домбыраны жанына серік еткен өнерпаздар, тазы мен қыран ұстаған алып батырлар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Көше театрлар қойылымы мен аудандық «Өнер мектебінің» және әжелер ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылып жатыр.
Аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады. Ордабасы ауданының жетістіктерін таныстырды. Мұнда ауыл шруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен, «Ордабасы тартулары» атауымен ұлттық тағамдардан көрме жасақталған. Сонымен қатар Қажымұқан мен Өлкетану мұражайларының, «Ордабасы – ұлы мекен» суретшілер мен қолөнер шеберлерінің, ауданнан шыққан ақын-жазушылар және балалар кітапханасының көрмесі де қойылған.
Киіз үйлерде «Ордабасы – ұлы мұра» тақырыбында тойбастар айту, төс қою, байғазы сұрау, баланы ашамайға мінгізу, бата беру, сүйінші, бел көтерер, селт еткізер, азан шақырып ат қойдыру, төркіндеу сынды ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанып, ақындар айтысы ұйымдастырылған. Төрт түлік малдың пайдасы жайында кеңінен айтылып, ұлттық дәм ұсынылды.
Садақ ату, халық күресі, арқан тарту, ауыр тас көтеру, мак рэслинг, арба сүйреу сынды спорттық ойындардан сайыс өтіп жатыр. Алтыбақан жанында ұлттық ойындар да дәріптелуде. Келген әрбір қонақ диірмен тарту, келі түю, таба нан жабу, күбі пісу, май алу, құрт жасау Этноауылдың тұрмыс-тіршілігімен таныса алады. Дәстүрлі қазақы ортада киіз басу, ұршық иіру, жүн сабау, жүн бояу, ши тоқу секілді дамыған киіз жасау өнерін тамашалай алады.
Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Ордабасы ауданының мәдениет күндері жалғасып жатыр. Бүгін Этноауылда ұлттық құндылықтар насихатталып, спорт түрлерінен сайыс өткізілді. Іс-шараны тамашалауға келген түркістандық 74 жастағы қария 45 келілік бөренені он рет көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырды. Сонымен қатар арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптелді. Белсене атсалысып, жеңіп шыққан қатысушылар марапатталды.
Шара барысында ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен және «Ордабасы тартулары» атты ұлттық тағам көрмесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымын паш етті. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің әуезді әндері мен дала сарынына айналған күйлері рухани-мәдени шараның сәнін келтірді.
Кешкісін «Керуен сарай» туристік кешенінде 19:00-21:00 аралығында Еркін Нұржанов, Жанел Нұржанова, Асқар Жүнісбеков, Асқар Қалмырза сынды танымал өнер шеберлерінің қатысуымен «Ордабасы – құт мекенім» гала-концерті өтеді.
Айта кетейік, екі күнге жоспарланған өнер фестивалі ертең де жалғасын таппақ. 3 қазан күні Этноауылда 11:00-ден бастап кәсіпкерлер мен ауылшаруашылық көрмесі, «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымы мен «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылады. Арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптеледі. Кешкісін «Керуен сарай» туристік кешенінде 19:00-21:00 аралығында көркем өнерпаздар мен танымал өнер шеберлерінің қатысуымен «Ордабасы – құт мекенім» гала-концерті өтеді.