
Түркістан облысында энергетикалық әлеуетті көтеру, тұрғындар мен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте электр, су және газға жауапты компаниялар мен мекемелердің бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-нің басшылығымен кездесіп, аталған мекеменің күзгі-қысқы маусымға дайындығы, инвестициялық жобаларына қатысты мәселелерді талқылады.
– Облыста энергетикалық құрылымдар үздіксіз жұмыс істеп тұруы керек. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-мен бірлесіп, облыс аумағындағы аппатты жағдайда электр қуаты жиі сөнетін нүктелердің картасын әзірлеп, бақылауға алыңыздар. 2025-2026 жылыту маусымында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде электр жарығының тұрақты берілуін қамтамасыз етуді, арнайы жобалар аясында жөндеуді және жаңартуды қажет ететін нысандардың тізімге толық енгізуді тапсырамын. Өңірде ашылатын зауыттар мен кәсіпорындарды электр қуатымен қамту мәселесі де тұрақты бақылауда болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-нің өкілдері осы саладағы өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Инвестициялық жобалар аясында жыл сайын энергетикалық жүйелер реттеліп, жаңартылып жатқанын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Кездесу барысында, облыс әкімінің энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша алға қойған мақсаттары нақтыланды. Нұралхан Көшеров өңірдің энергетикалық жүйесін жаңғырту, электр қуатының тапшылығын болдырмау үшін кешенді шаралар қабылданатынын атап өтті. Әсіресе, кәсіпорындар мен жаңа өндіріс ошақтарына тұрақты электр қуатын жеткізу, сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің энергияға қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды болып табылады.
Облыс әкімі сондай-ақ, «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-нің жауапкершілігі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған шараларды қолға алуды тапсырды. Осы мақсатта мекеме күзгі-қысқы маусымға дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөлуі қажет. Бұл, өз кезегінде, облыс тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін факторлардың бірі болып табылады.
Бұдан бөлек, энергетикалық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қаржы салудың маңыздылығы атап өтілді. Инвестициялар арқылы жүйелерді жаңарту, энергия үнемдеу технологияларын енгізу және жаңа нысандар салу арқылы Түркістан облысының энергетикалық әлеуетін арттыру жоспарлануда.
