
Жетісай ауданында «Ұстаздар күні» кәсіби мерекесі аясында ұйымдастырылған салтанатты шара өтті. Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамытып, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығарып жүрген ұлағатты жандардың ерен еңбектері ескеріліп сый-құрметке бөленді.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов биіктерді бағындырып, білім бәсекесіне қабілетті шәкірттерді тәрбиелеп жүрген тәжірибелі ұстаздарды алғыс хаттарымен марапаттап, білім саласының жоғары марапаттарының бірі «Ы.Алтынсарин» медальдерін табыс етті.
– Ұстаз – болашақтың сәулесін жағушы, адамзат өркениетінің көшбасшысы. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы жолда сіздердің кәсіби адалдықтарыңыз бен төзімдеріңіз елдің ертеңін нұрлы етуге үлкен үлес қосуда, – деген аудан басшысы Мемлекет басшысының қабылдауында болып, мемлекеттік награда алған №7 «Тұран» мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлжан Райымбекованың еңбегін атап өтті.
Сондай-ақ іс-шара барысында білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып, жемісті еңбек етіп жүрген тағы бірқатар ұстаздар Түркістан облыстық білім басқармасы мен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаровтың, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков пен салалық кәсіподақ ұйымының алғыс хаттары мен құрмет грамоталарына ие болды.
Ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған шара барысында аудан өнерпаздары мен мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
