
Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды. Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске асқанда 30 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков осы жұмыстармен танысу мақсатында Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Сапар аясында аудан аумағында ауыл округтерде бой көтеріп жатқан өндіріс аймақтарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.
Сапар кезінде облыс әкімінің орынбасары Иассы және Қарашық өндіріс аймақтарындағы құрылыс жұмыстарын көрді. Ең бірінші кезекте Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» өндіріс алаңымен танысты. Мұнда 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы инвестициялық көлемі 6,3 млрд теңгені құрайды.
Қарашық ауылында шағын өндіріс алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 170-ке жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы құны — 4,5 млрд теңге.
Сонымен қатар, облыс әкімі Жүйнек ауылдық округінде «ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнын аралады. Онда 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, балаларға арналған жиһаз түрлерін, ас үй сөрелерін, шкафтар мен шифоньерлерді шығарады. «DIVALUX» жиһаз цехында болды. Цех 2 гектар аумақта 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайтын кәсіпорын айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, даярлайды. Кәсіпорын жиһаздың 40-қа жуық түрін әзірлейді.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков аудан аумағында қолға алынған өндірістік аймақтардың құрылысын көріп, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Ол жобалардың жүзеге асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең жол ашатынын атап өтті.
Сауран ауданындағы өндірістік аймақтардың құрылуы өңірдің экономикасына серпін беріп, кәсіпкерліктің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл аймақтарда шағын және орта кәсіпорындардың дамуына қолайлы жағдайлар жасалуда. Ауданның ауыл округтерінде салынған өндіріс алаңдары тек жергілікті экономикаға ғана емес, еліміздің жалпы индустриалдық дамуына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Жобаның ауқымы кеңейіп, жаңа кәсіпорындардың ашылуы аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады. Әсіресе, ауыл округтерінде өндірістік алаңдар мен кәсіпорындар ашу жергілікті халыққа тұрақты жұмыс орындарын ұсынып, өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта бұл аймақтардағы өндіріс көлемінің артуы мен инвестициялар санының өсуі Түркістан облысының кәсіпкерлік секторын жаңа биіктерге көтеріп, өңірдің экономикалық өсуіне тың серпін береді деп күтілуде. Бұл бастама Қазақстанның өзге өңірлеріне үлгі боларлық жоба ретінде қарастырылып, кәсіпкерліктің қарқынды дамуы мен жаңа нарықтарды игеру үшін үлкен мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған мұндай жобалар облыстың еңбек нарығында білікті мамандарға сұранысты арттырып, өңірдің жалпы өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.
