23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай, Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Аталған мерекелік жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде “Полиция қызметкерлері – қоғам тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауда алдыңғы шепте жүрген жандар. Сіздердің күнделікті жанқиярлық еңбектеріңіз – халықтың тыныштығы мен амандығының кепілі. Тәртіп сақшыларының күнделікті өмірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда атқарып жатқан жауапты жұмыстары үшін алғысымды білдіремін” – деді.
Іс-шара барысында қоғамдық тәртіпті сақтау мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы адал еңбектері үшін бірқатар тәртіп сақшылары алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер шырқап мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қазақстан полициясы күні – ел ішіндегі бейбіт өмір мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларын ұлықтайтын күн.