
Бүгін Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік шара өтті. Шараны аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, ізгі тілегін арнады. Полиция қызметі бүгінде ерекше жауапкершілікті талап ететін сала екенін атап өтті.
«Қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету — үлкен жауапкершілік пен ерлікке негізделген жұмыс. Тәуліктің кез келген уақытында өз өмірлеріңізді қатерге тіге отырып, азаматтардың тыныштығын, мемлекетіміздің тұрақтылығын қорғаудағы еңбектеріңіз — аса құрметке лайық. Құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру бағытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмалары аясында да бірқатар маңызды міндеттер жүзеге асырылуда. Президентіміз халықпен ашық диалог орнату, полицияның имиджін көтеру және құқықтық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруді үнемі назарда ұстап келеді. Бұл міндеттерді іске асыруда Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен отансүйгіштік қасиеттеріңіз маңызды рөл атқарады»-деп, полиция қызметкерлерінің халықпен тығыз байланыс орнатудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Бірқатар полиция қызметкерлерін марапаттап, сый-сияпат табыс етті.
Сонымен қатар, шараға арнайы қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудан прокуроры Ғалымжан Қапалбайұлы және ҚР ҰҚК Түркістан облысы департаментінің Созақ аудандық бөлімінің басшысы Дәулет Тастанов полиция қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, қоғам алдындағы жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігін атап өтті. Сала ардагері Жүнісхан Әлімбеков бірқатар сала мамандарына сый-сияпат табыстап, құрмет көрсетті. Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратов шараның маңыздылығына тоқталып, сала үздіктерін марапаттады.
Мерекелік жиында полиция қызметінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер құрметтелді. Аудан әкімінің арнайы грамотасы, аудандық мәслихат аппараты мен Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының марапаттары салтанатты түрде табысталды. Марапатталғандардың қатарында тәртіп сақшылары ғана емес, олардың отбасылары да болды. «Полиция анасы», «Полиция жұбайы» секілді номинациялар арқылы отбасы қолдауының маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік ісіне үлес қосып жүрген бірқатар ауылдық округ әкімдері мен ауыл билері де арнайы марапаттармен құрметтелді.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, отансүйгіштік бағыттағы әндер орындалды. «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары мен жергілікті өнерпаздар мерекелік көңіл-күй сыйлады.