
Ордабасы ауданында Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 30 мамырдағы Жарлығы негізінде 18 көп балалы анаға «Алтын алқа» табыс етілді.
Марапаттау рәсімінде аудан әкімі Азат Оралбаев «Ана — отбасының ұйытқысы, елдің тірегі». Әр азаматтың әдептілігі мен жауапкершілігі, жан-дүниесінің тазалығы аялап өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Ана есімі қашанда ардақты. Себебі, адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Сондықтан, перзентінің болашағы ана үшін қасиетті жауапкершілік. Ал көп баланың анасы болу нағыз ерлік десек те болады. Сонымен қатар, ұлан байтақ жеріміз бар мемлекетіміз үшін халық санының артуы өте маңызды. Демографиялық өсімге үлкен үлес қосып отырған сіздердей алтын құрсақты аналарымызды әр уақытта ерекше құрметтейміз. Бүгінгі мерейлі сәтте сіздерге ауданның демографиялық дамуына қосып отырған елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін»,-деп, ардақты аналарды құттықтап, алғысын білдірді.
Іс-шара соңында көп балалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлықтарға ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, ауданда алтын алқалы аналардың саны 1143-ке жетті. Олардың ішінде 97-сі «Батыр аналар», 224-і «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.