
Бүгін Түркістан төрінде қасиетті күй өнерін дәріптейтін республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы басталды. Өнео сайысын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Сондай-ақ бұл шараның ұлттық өнерді дәріптеуде маңызды екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Еліміздің әр өңірінен келген 23 қатысушы алдымен жеребе тарту рәсіміне қатысты. Содан соң ретіне қарай өнер көрсетіп жатыр. Олар алғашқы кезеңде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбековтің таңдаулы шығармаларынан классикалық күй орындайды. Содан соң екінші кезеңде оркестр сүйемелдеуімен жеке домбырамен өнер көрсетеді. Бұл күйшілердің орындаушылық шеберлігімен қатар, сахна мәдениеті мен күйді терең сезіну қабілетін бағалауға бағытталған.
Байқау Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында өтіп жатыр. Түстен кейін жеңімпаздарға бас жүлде, I, II, III дәрежелі жүлделер және арнайы марапаттар табысталады.
Айта кетейік, байқауды Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқаудың мақсаты – мәдени мұра мен ұлттық болмысты насихаттау, ұлы даланың төл өнері саналатын күйді ұлықтау. Сондай-ақ дарынды орындаушыларға жол ашып, жас буынды дәстүрлі өнерге баулу, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру.