«Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық бәйгесінде «Түркістан сақшылары» анимациялық фильмі «Ең үздік балалар тележобасы» аталымында жеңіске жетті. Бұл – «Turkistan» телеарнасының екінші мәрте «Тұмар» жүлдесін иеленуі. Бұған дейін 2022 жылы «Үздік аймақтық телеарна» аталымы бойынша жеңімпаз атанған болатын.

Жобаның авторы – телеарнаның ІТ маманы Ғасыр Құралбайұлы. Бұл жасанды интеллект арқылы дайындалған Қазақстандағы алғашқы мультжоба саналады. Туынды қазақтың ұлттық құндылықтары мен рухани мұрасын насихаттайды. Түркістанды жануар кейпіндегі Ақпантер, Алтынқанат және Тасбатыр ата сынды кейіпкерлер қорғайды. Жоба арқылы балаларға отансүйгіштік, табиғатты қорғау, рухани тазалық сынды қасиеттер насихатталады.