Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл. 

«Тұлғалар тарихы» айдарында ел жадында мәңгі қалған даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов.

Талғат Бигелдинов – Отан қорғаудағы өшпес ерліктің символы. Аспан әлемінде асқан шеберлігімен көзге түскен батыр қазақ көкте 500 сағат ұшып, 305 әскери шабуылға қатысып, жау ұясы Берлинді алуға бірінші болып кірген қаһарман.

1922 жылы Ақмола облысындағы Майбалық ауылында дүниеге келген ол, кейіннен отбасымен бірге Фрунзеге (қазіргі Бішкек) көшеді. Қиын-қыстау балалық шақтан шыңдалып шыққан Талғат бала күнінен ұшқыш болуды армандап, соған жету жолында түрлі кедергілерді еңсерді. Татар мектебінде оқып, орыс тілін меңгеріп, аэроклубқа қабылдану үшін талмай еңбектенді. Жастайынан еңбекке араласып, отбасын қолдады.

Ұлы Отан соғысы жылдары Талғат «Илюша» ұшағымен немістің стратегиялық нысандарын жойып, жаудың мықты ұшқыштарымен шайқасты. Ержүрек жауынгердің ерлігін кеңестік баспасөз жарыса жазды. Оның «Қара ажал» атанған ұшағы жауға үрей, өзіне сенім ұялатты.

1944 жылы алғашқы, 1945 жылы екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын алған Талғат Бигелдинов – бұл жоғары марапатты екі рет алған тұңғыш қазақ. Соғыстан кейін Мәскеудегі Қызыл Ту әуе академиясын, кейін инженерлік-құрылыс техникумын тәмамдады. Азаматтық авиация саласын дамытуға үлес қосып, еліміздің ірі қалаларында әуежай салу ісіне жетекшілік етті.

Қоғамдық қызметке де белсене араласқан ол бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қазақстанда көптеген бастамаларды жүзеге асырып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар берген ардагер өз өмірінің соңына дейін ел үшін еңбек етті.

Батырдың өмір жолы «ИЛ шабуылдайды» кітабында кеңінен баяндалады. Оның ерлігі мен есімі бүгінгі ұшқыштарға үлгі. 2014 жылы 10 қарашада дүниеден озған Талғат Бигелдиновтің есімі Ақтөбедегі ұшқыштар академиясына, Қарағандыдағы әскери мектепке және Алматы қаласындағы бірқатар нысандарға берілді. Көкшетау қаласында қола мүсіні орнатылды.

Талғат Бигелдинов – қазақ халқының мақтанышы, ел үшін ерлік жасаудың, қиындықтан мойымай, алға ұмтылудың жарқын үлгісі.