
15 ақпан — Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай, Бәйдібек ауданының орталығында «Орталық саябақта» гүл шоғын қою рәсімі және соғыс құрбандарын еске алу шарасы өтті.
Ерлік пен батырлықтың белгісі болған бұл күн, тарихымыздың маңызды кезеңдерін ұлықтау үшін жастарға патриоттық тәрбие беруде зор маңызға ие.
Іс-шара барысында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров, аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы майор Сабыржан Налибаев сөз сөйлеп, соғыстың зардабын және келешек ұрпақтың міндетін түсіндірді. Ардагер Бауыржан Аймағанбетов жастарға бейбітшіліктің құндылығын, соғыс зардабынан сақ болуды және еліміздің бірлігін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толды.
10 жылға созылған соғыста Кеңес одағы 1979 жылы Ауғанстанға әскер кіргізіп, 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскері соғыс болып жатқан жерді тастап шыққан. Одан бері қаншама жылды артқа тастағанымен, бұл жара халық жүрегінде өшпес сызат қалдырды. Сұрапыл соғысқа еліміздің намысты ержүрек батырлары қатысып, жас өмірін құрбан етті. Қазақстаннан 22 мыңнан аса жауынгер қатысты, Көбісі жастар еді. олар бойындағы патриоттық сезіммен соғыстың не екенін білер-білместен кете барды. Міндет – Отанды қорғау.Айтуға оңай, сұрапыл зобалаң, қаншама тағдырды жалмады. Тарих қойнауына кеткен ауған соғысы бүкіл қазақ еліне салқынын тигізгені белгілі. Бұл соғыс біздің ел үшін ғана емес, әлемді жайлаған қақтығысқа толы қырғынға ұласты. 1979 жылы басталап, он жылға созылған соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміз, мұздай қаруланған қарсы тараппен кескілескен соғыс жүргізді. Талай сарбаз ерлік жолында мерт болды. Иә, бұл соғыс біреудің өмірін жалмаса, енді бірінің жалғызын алды. Аузынан ана сүті кетпеген боздақтардың көбі дерлік сол қырғыннан отанымызға мүгедек болып оралды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне қайта аяқ баспады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінен мәңгі ұмытылмайды.
Деректерге сүйенсек, Ауған жеріне сол кезеңде КСРО-ның 620 мыңға жуық сарбазы барған. Соның ішінде КСРО құрамында Отан алдындағы міндетін өтеген 22269 қазақстандық Ауған соғысына қатысты. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тауып, 1015 адам мүгедек болып оралып, 19 адам іс-түссіз жоғалды.