1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында «Dala-Fruit» ЖШС демеушілігімен аудандағы аз қамтылған, мүгедектігі бар балалар мен пробация есебінде тұрған азаматтарға және атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға, сондай-ақ жалғызілікті қарттардан тұратын 460 отбасыға 3 тонна алма үлестірілді.

Қолдауға ие болған отбасылар мен азаматтар игі іске ұйытқы болған компанияға шынайы алғыстарын білдірді.

Аталған компания өкілі Нұрсұлтан Нажметдинов алдағы уақытта да осындай шараларды ұйымдастырып, қоғамға кішкентай болса да үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

-«Алғыс айту күні – бір-бірімізге шын жүректен алғыс айтып, жақсылық жасауға мүмкіндік беретін мереке. Біз өз тарапымыздан аудан тұрғындарына көмек көрсету арқылы бұл мерекенің мәнін терең түсінуге ұмтылып отырмыз. Біздің компанияның басты мақсаты – ауыл шаруашылығында озық технологиялар мен әлемдік деңгейдегі тәжірибені қолдана отырып, сапалы өнім өндіру және қоғамға пайдалы болу. Бүгінгі таңда біз аудан тұрғындарына 3 тонна алма үлестіріп, кішкентай болса да көмегімізді көрсеттік. Алдағы уақытта да осындай шаралар ұйымдастырып, елдің әл-ауқатын жақсартуға үлес қосуға дайынбыз»,-деді.

Айта кетсек, «Dala-Fruit» ЖШС жалпы ауданы 500 гектар алқапты құрайтын алма бақтары мен кең ауқымды өндіріс орнын басқаруда. Компанияның жалпы өндірістік қуаты жылына 8000-10000 тонна алманы құрайды. Заманауи технологиялар мен әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелерді пайдалана отырып, жоғары сапалы өнімдер шығаруда.

Елімізде 1 наурыз — «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. 

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.