Бүгін Отырар ауданының 90 жылдығы аясында волейболдан 2009-2010 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында Түркістан облысының ашық біріншілігінің ашылу салтанаты өтті. Отырар ауданының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз мол үлес қосқан ҚР білім беру ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы Асылбек Жақсыбек Бейсенбекұлын еске алуға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, асыл азаматтың іскерлігі жайында айтып өтті.

Ол өз сөзінде: «Отырар еліне қалтқысыз еңбек еткен, ұлағатты ұстаз Жақсыбек Асылбекұлының өмір жолы, келер ұрпаққа қай жағынан алып қарасаңызда өнеге. Ұстаздық ұлы жолымен еңбек майданында шыңдалған арда азамат бар ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиесі мен туған жері Отырардың гүлденуі мен өркендеуі жолына арнады. Спорт пен салауатты өмірді жас ұрпақ бойына сіңірумен бірге, осындай тұлғаларымыздың ел үшін еткен еңбегін жастарға насихаттау арқылы өз елінің патриоты болуға жастарды үндеу баршамыздың міндетіміз»,-дей келе жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Шара барысында Жақсыбек Бейсенбекұлының қызы Айсәуле Жақсыбекқызы ардақты жанның адамгершілігі мен әкелік қамқорлығы жайындағы естеліктерімен бөлісті.

Одан әрі мемлекеттік әнұран орындалып, облыстық ашық бірішілік басталып кетті.

Жақсыбек Бейсенбекұлы 1955 жылы Балтакөл ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің аға пионер вожатыйы, комсомол комитетінің хатшысы болып бастап, Балтакөл ауылдық кеңесі атқару комитетінің хатшысы, төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, өзін ұйымдастырушылық қабілеті зор, әбден шыңдалып, ысылған іскер басшы ретінде көрсете білді. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры болып білім саласында жемісті еңбек еткен арда азамат Балтакөл ауыл округінің әкімі, 2004 жылы Отырар ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында халық ағарту саласына арнап, Түркістан қалалық білім бөлімін басқарды.

Бүгінгі турнирдің мақсаты да халық үшін қызмет еткен тұлғаны дәріптей келе, жас спортшыларды туған жерін сүюге, елге қызмет адал қызмет етуге баулу болды.

Облыстық волейбол жарысына Кентау, Арыс қалалары мен Сайрам, Түлкібас, Ордабасы, Келес, Жетісай, Сауран, Отырар аудандарынан жалпы 13 команда қатысып, бақтарын сынауда. Екі күнге созылатын тартысты ойынның жеңімпаздары анықталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтармен, медальдар табысталатын болады.