Талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиған соғыстың бірі – Ауған соғысы. Сол Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл 36 жыл. Отырар ауданы,  Шойманов ауылдық мәдениет үйінде «Ауғанның отты жалыны» атты ауған соғысының ардагерлерімен кездесу кеші болып өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары А. Құлмаханов, ауған соғысының ардагерлері, кітапханашылар, жастар мен мектеп оқушылары қатысты. Аудандық орталықтандырылған «Отырар» кітапханасы «Ел ерімен мақтанар» атты кітап көрмесімен таныстырды. Аудан әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, он жылға созылған қарулы қақтығыстың зардабы қаншама отбасына, қаншама анаға ауыр тигені, берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, ерлік көрсетіп, ауған шекарасына аттанған ерлерді жастарға үлгі етіп отансүйгіштікке, Отан алдындағы борышын өтеуден бұлтармауға шақырды. Ауған соғысы ардагерлеріне сыйлықтар табыс етілді. Соғысты кітап бетінен оқып білген оқушылар аудан ардагерлеріне сұрақтар қойып, жастар патриоттық өлеңдер оқыды. Аудан соғысының ардагерлері соғыс жайлы естеліктерімен бөлісіп, жастарға өнеге боларлық әңгіме өрбітті. Аудандық мәдениет сарайының әншілері әннен шашу шашты.