1979 жылдың 25 желтоқсанында Ауған Республикасы Үкіметінің өтініші негізінде сол кездегі Кеңес Одағы басшылығының шешімімен КСРО-ның шектеулер әскери құрамы мен әскери техникасы ауған жеріне кіріп, тарихтағы «Ауған соғысы» басталған болатын. Бұл қанды соғыс 110 айға созылып,көптеген адамның өмірін жалмап қана қоймай, мыңдаған адамның мүгедек болып қалуларына әкеп соқтырды.

1988 жылдың 14 сәуірінде Ауғанстандағы саяси ахуалды реттеу бойынша КСРО, АҚШ,Ауғанстан мен Пәкістан өкілдері Женева келісіміне қол қойды. Келісімге сәйкес АҚШ пен Пәкістан өздерінің тараптарынан Ауғанстан оппозициясына қару-жарақ беруді тоқтатуга, ал КСРО өз әскерін Ауған жерінен 9 айдың ішінде толығымен шығаруға міндеттемелер алды.Кеңес Одағы өз міндеттемесін орындап, соңғы әскери бөлімін1989 жылдың 15 ақпанында Ауған жерінен шығарды,сөйтіп ұзаққа созылған бұл соғыстың соңғы нүктесі қойылды.

Содан бері 36 жыл уақыт өтсе де, сұм соғыстың зардабы осы күнге дейін толастар емес,өйткені ұрыс даласында алған әртүрлі жарақаттарының салдарынан бақилық болып жатқан азаматтарымызда аз емес…

Ауған жеріндегі қырғында жап-жас болып қыршын кеткен бауырларымызды біздер ешқашан естен шығармаймыз, оларды әрдайым еске алып отырамыз,ал арамызда аман-есен жүрген ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетеміз, олардың ерліктерін дәріптейміз,жас ұрпаққа үлгі етеміз.

Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандарға арналған мемориалдың аумағында орналастырылған «Ауған соғысына» қатысып,қаза болған жауынгерлерге арналып қойылған ескерткіш- обелискінің жанында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай Түркістан облысы мен қаласы әкімдіктеріінің және Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің ұйымдастыруымен қаланың зиялы қауым өкілдері мен тұрғындарының қатысуында мәдени-патриоттық іс-шара өткізілді.

Аталған жиын барысында Ауған соғысында қаза болған отандастарымыздың рухтарына тағзым жасалып, бір минуттық үнсіздікпен басталғаннан кейін қатысушылар тарапынан батырларға арналған ескерткіш-обелискіге гүл шоқтары қойылды.

Осы айтулы күнге орай өткізілген жиында Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы бастығының орынбасары Болат Жанәбіл, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төраға орынбасары,облыстық мәслихат депутаты Қалима Жантөреева,Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев,, «Түркістан облыстық Ауған соғысы ардагерлері » қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрғанбек Бегімов сөйлеген сөздерінде осы жарияланбаған қырғын соғысқа қатысқан жауынгерлеріміздің ерліктері жайлы әңгімелер қозғап,олардың жасаған батырлықтары ел есінде мәңгі сақталатындықтарын және өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатындығын айтып, барлық соғыс адагердерін бүгінгі мерекелерімен құттықтаған соң, ауған соғысының бірқатар ардагерлеріне мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың марапаттары тапсырылып,сый-сияпаттар көрсетілді.

Сонан жиынға қатысушылар «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапхананың концерттік залында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаз шеберлері дайындап және орындаған патриоттық тақырыптағы концерттік бағдарламасының әндері мен билерін тыңдап- көріп, тамашалады.

Осы іс-шаралардан кейін Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің ұйымдастыруымен қаламыздағы «Шахсарай» мейрамханасында соғыста қаза болған боздақтардың рухына құран бағышталған соң арнайы мерекелік дастархан жайылып, ас берілді.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы және облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі