
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толып отыр. Сынаптай сырғып уақыт өтсе де, ерлік ескірмейді. Оларға тағзым етіп, еске алу болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс.
Осыған орай, бүгін Арыс қаласындағы Ауған соғысы ардагерлерінің монументінде ауған соғысы ардагерлері мен қала тұрғындарының және әкімдік өкілдерінің қатысуымен «Ерлік – елге мұра» шарасы ұйымдастырылды.
Шараға қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық, Арыс горниозонының бастығы м.у.а., полковник Азаматбек Жақыпбеков, Арыс қалалық «Отан» Ауған соғысының ардагерлері» ҚБ төрағасы Ергентай Көшкінбаев, «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков және ауған соғысы ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Жиналған қауым алдымен сол соғыста мерт болған жауынгерлердің құрметіне қойылған монументке гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Жиында әкім орынбасары Ерғали Омарұлы сөз сөйлеп, ерлердің ерлігі ұмытылмайды деді.
Кездесуде «Ауған соғысы ардагерлері» кеңесінің төрағасы Ергентай Көшкінбаев ауған соғысының ардагерлері атынан көрсетілген құрметке алғысын білдірді. Шара соңында қаламыздың бас имамы Абдулкамал Абдулкарим қаза тапқан боздақтарға құран бағыштады.
Айта кетейік, Қазақстаннан Ауған соғысына 22 269 адам қатысып, оның 924-і қаза тапты. Ал 1 015 азамат мүгедек атанды, 21 адам хабарсыз кетті.
Ал Арыс қаласынан Ауған соғысына 72 адам қатысып, оның 1-уі соғыста қаза тапты. Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған 33 ауған соғысы ардагері қазіргі таңда Арыс қаласында тұрып келеді.