Арыс қаласында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты танымдық іс-шара өтті. Бұл кеш қыз бала тәрбиесінің маңыздылығын айшықтауға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталды.

Тағылымы мол шараға қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, ардагерлер кеңесі мүшелері мен оқушылар және ата-аналар қатысты.

Іс-шара әсерлі видеосюжетпен ашылып, Ә.Жангелдин атындағы мектеп оқушылары қыз тәрбиесі туралы шағын көрініс көрсетті. Бұдан кейін 10-сынып оқушылары қазақ биін орындап, көрермендерді ұлттық мәдениетіміздің әсемдігімен қуантты.

Шара барысында қалалық әжелер алқасының ақжаулықты әжелері ұлттық тәрбие, әсіресе, әже мектебінің маңызы туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Ол әжелерден тәлім алған қыздардың бойында бауырмалдық, қонақжайлылық, мейірімділік сияқты қасиеттердің ерекше дамитынын атап өтті. Қыз тәрбиесі тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның міндеті екені тағы да еске салынды.

Кеш барысында «Ана туралы ән» орындалып, қыздардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, қыз тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, ұлттық киімнің маңыздылығы, қыз баланың жүріс-тұрысы мен әдебі туралы құнды ойлар ортаға салынды.

Іс-шараның соңында жүргізушілер қазақтың «Қызым үйде – қылығы түзде» деген тәмсілін еске салып, кешті қорытындылады. «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты шара қыз тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөлудің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.