
Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінң ақпараттық-насихаттық тобы Жетісай және Мақтаарал аудандарында болды.
Жетісай ауданындағы А.Жами атындағы мектепте өткен жиынға этнос өкілдерімен бірге жергілікті әкімдіктердің салаға жауапты басшылары да қатысып, белсенділік танытты.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ-і Жетісай аудандық филиалының басшысы Данир Мырзамұратов модераторлық еткен жиында этносаралық келісім тұрақтылық кепілі екені баса назарға алынды.
Кездесуде сөз алған Түркістан облысы өзбек этномәдени бірлестігі төрағасы Бахадыр Ирсметов пен бірлестік төрағасының орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық белесінде қазақстандық бірегейлік пен азаматтық негізінде этностардың консолидациясы мен интеграциясын қамтамасыз еткенін атап өтті.
Бірлестік басшылығы қазақстандық этностардың тілдерін, дәстүрлері мен мәдениеттерін халықаралық стандарттарға сәйкес дамыту үшін жағдай жасалып отырғанын тілге тиек етіп, мемлекеттік тілдің біріктіруші әлеуетін көтеру, қазақ тілінің этносаралық қатынас тіліне айналуы жолында алдағы уақытта да нәтижелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Жетісай ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Қадыр Бабамұратов, Мақтарал ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Хасан Сабировтар ұсыныс-пікірлерін айтып, қазақстандық бірегейлікті дамытуға және халықтың бірлігін нығайтуға бағытталған жұмыстарға белсене атсалысатындарын жеткізді.
Сонымен қатар, “Жанубий Қозоғистон” облыстық қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Райымжан Алибаев, Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасарлары Замир Мұхамеджанов және Бахтияр Шамұратовтар бүгінгі келелі кездесу ел бірлігін нығайтуға зор септігін тигізеріне назар аударды. Өз сөзінде олар мемлекетіміздің тыныштық, татулық саясатын насихаттап келе жатқан төл басылымға жазылуда белсенділік танытуға шақырды.