1979 жылы 25 желтоқсанда басталып, он жылға жуық уақытқа созылған Ауған соғысына мыңдаған кеңес жауынгері аттанып, әскери борышын өтеді. Сайрам ауданынан 350 азамат осы соғысқа қатысып, әскери міндетін атқарды. 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауғанстаннан толықтай шығарылып, бұл күн бүгінде Ауған соғысының ардагерлерін еске алу әрі оларға құрмет көрсету күні ретінде аталып өтеді.

Осыған орай Ақсукент ауылдық округіндегі білім мекемелерінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – №93 Абылайхан атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен «Ауғанның ақиық батырлары» атты іс-шара.

Іс-шараға Ауған соғысының ардагерлері, Ақсукент ауылдық округ әкімдігінің маманы Ештаев Абуллаұлы Сейдуалы , мектеп директоры Айнаш Суранчиева , ұстаздар және оқушылар қатысты. Оқушылар ардагерлерге арнап патриоттық әндер орындап, олардың ерлігі туралы баяндамалар жасады.

Кездесу барысында ардагерлер жас ұрпақпен ашық сұхбат құрып, бастан өткерген қиындықтары жайлы бөлісті. Арада 36 жыл өтсе де, сол бір күндерді еске алған ардагерлердің жүзінен толқу байқалды. Олар Отан алдындағы борышты адал өтеудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Шара жоғары деңгейде өтіп, ардагерлер мектеп ұжымына өз алғыстарын білдірді.

Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты нығайтып, тарихтан тағылым алуға мүмкіндік береді. Бұл күн – тек естелік қана емес, бейбітшіліктің бағасын түсінуге шақыратын маңызды дата.