Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының мәжіліс залында «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Нодиржон Хасантаевтың төрағалығымен ауданның белсенді жастарымен кездесу өтті.

Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-і аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев және аудандағы әр салада жетістікке жеткен көшбасшы жастар қатысты.

Жиында сөз алған Н.Хасантаев жастардың ынтымақ пен бірлікті сақтаудағы рөліне тоқталды және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында жастар тарапынан атқарылатын іс-шаралар барысы жайында сөз қозғады.

– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Жастар үшін біздің бірінші немесе екінші Отанымыз жоқ екенін түсіну өте маңызды. Бізде Отан біреу-ақ және ол – Қазақстан! Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар бастамаларын дамыту мәселелеріне ҚХА-ның XXXIII сессиясы аясында баса назар аударып, жастар мен волонтерлік жобаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде біз бұл бағытта белсенді үлес қосуды көздейміз. Маңызды 6 бағытты таңдап алдық. Оған тоқталсақ, жастарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік тілді этносаралық тіл ретінде дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен әскери-патриоттық, мәдениетті дамыту. Бұл салалар бойынша нәтижелі жұмыстар жалғасады, — деді ол.

Кездесу барысында қатысушылар көпшілік дауыспен Сайрам аудандық «Ассамблея жастарының» жетекшісі болып сайланған Қарамұрт ауылының тумасы, белсенді жас Олимжан Намаджановқа алдағы атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жастарды бірлікке шақырған кездесуде Базарбай Мамадиярұлы Сайрам ауданында «Ассамблея жастары» мүшелерінің игі істердің қасынан табылатынына сенім білдіре отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Жиын барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.