
Түркістандағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Түркістанның ұстанымы – татулық пен конфессияаралық келісім» тақырыбында келелі жиын өтті.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қатысуымен өткен жиында шаһардағы зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы, имамдар, ҚХА мүшелері бас қосып, пікір алмасты.
Кездесуде атап өтілгендей, Түркістан қаласында бүгінде 228 мың халық тұрады. Шаһарда 40-қа жуық этнос өкілдерінен құралған 77 мыңнан астам азамат тату-тәтті өмір сүруде.
Бірлікке үндеген жиын барысында қала әкімі жалпыұлттық тұтастықты нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөлге ие екенін атап өтті.
– Баршамыздың басты мақсатымыз – елімізде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтап, этносаралық татулықты қамтамасыз ету. Осы орайда, өзекті мәселелерді саралап, оны бірлесе шешу мақсатында өздеріңізбен бас қосып отырмыз. Түркістан қаласы – бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан киелі мекен. Бұл ретте, бірлікті көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оны күн сайын өз істерімізбен нығайтуымыз қажет, – деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ кездесуде сөз алған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов өңірде Мемлекет басшысы белгілеген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда облыстағы Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестіктер елеулі үлес қосып отырғанын тілге тиек етіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Кездесуде Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Нысанбаев, Түркістан қаласының прокуроры Қаукен Нәрікбаев, сондай-ақ Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Ұлжалғас Мұстафаева және Түркістан қалалық «Ахыска-түрік» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Полад Хуршедов қайырымдылық шараларын жүзеге асыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастардың тәрбиесіне бағытталып атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Алқалы басқосуда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева Ассамблеяның 30 жылдығына орай өңірде 58 ірі жоба мен іс-шара жүзеге асатынын, оның ішінде ел бірлігін нығайтуға серпін беретін бірнеше тележобалар, қоғамдық-көпшілік, спорттық, жастарға арналған ауқымды іс-шаралар бар екенін айтты.
Жиында бүгінгі басқосудың ел бірлігін бекемдеуде мән-маңызы жоғары екенін айтқан Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов сөз атасы Майқы бидің: «Барлық адам бір туған, бір бәлеге жолығар, есебін таппай сөз қуған» деген даналығынан ғибрат алуға шақырып, ақ батасын берді.