
Бүгін Арыста 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі атап өтілді. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Жебелі Достановпен бірге бірқатар тыл ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады.
Бар ғұмырын қажырлы еңбек пен елінің өсіп-өркендеуіне арнаған қарттарға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар тарту етілді.
Қала басшысы құттықтауын Байырқұм ауылында тұратын тыл ардагері Жақсыбай Бинашев ақсақалдың шаңырағынан бастады. Саналы ғұмырын ел дамуына жұмсаған қария бүгінде 5 ұл, 3 қыз өсіріп, олардан 34 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Қариямен әңгімелескен шаһар басшысы ақсақалға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі.
Келесі құттықтау сөзі Қожатоғай ауылында тұратын Мәді Полат қарияның отбасында жалғасты. Мерейлі мерекеде қала басшысы Гүлжан Құрманбекова Арыс қаласында тұратын батыр ана Орын Нарбекованың шаңырағында болды. Орын әже 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақ ана. Кездесу барысында қала басшысы ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы – елдік пен ерлік жолы екенін айтты. Анамызға ұзақ ғұмыр тіледі.
Өз кезегінде қазыналы қарттар да ризашылықтарын жеткізіп, баршаға бейбіт те берекелі өмір тіледі.
Соынмен бірге, мереке қарсаңында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова құттықтауын жолдады.
«Бүгін 1 қазан – Халықаралық қарттар күні! Бұл күн – біз үшін үлкен өмірлік тәжірибесі бар, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан ардақты ардагерлерді құрметтеп, алғыс білдіретін ерекше мереке. Қазыналы қарияларымыз бен ақжаулықты әжелеріміздің өмірлік жолдары, даналықтары мен елге сіңірген еңбектері – бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге.
Олар адал еңбектері, құндылыққа деген беріктіг және берекелі өмірлері арқылы бізге бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Біз ардагер азаматтарымыздың мол тәжірибелеріңізге сүйене отырып, болашаққа сенімді қадам жасап келеміз.
Мен бүгін, барша арыстық қариялар мен ақжаулықты аналарды осынау мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!» делінген құттықтауда.