
Бүгін 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесін шардаралықтар жоғары дәрежеде тойлай білді. Аудандық «Абай» мәдениет үйінде «Қариялар – асыл қазынамыз» тақырыбында өткізілген мерекелік іс-шараға қала мен ауылдық округтерден тыл және еңбек ардагерлері, зейнеткер ата-әжелер мен тұрғындар жиналды. Салтанатты шараға жиналған ардагерлер қауымының алдында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйледі.
– Қымбатты ардагерлер! Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні меркесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келесіздер. Елімізде ардагерлердің жақсы өмір сүруіне көп көңіл бөлінуде. Жыл сайын зейнетақының өсуі, көпбалалы аналардың жәрдемақысының артуы, сондай-ақ, соғыс және еңбек ардагерлеріне жасалып жатқан жеңілдіктер – аға буын өкілдеріне арналған қамқорлық. Қариясын құрметтеген елдің қашан да болашағы жарқын, мерейі үстем болары анық. Әрқашан да арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, үлгі-өнеге көрсете береді деп сенемін! Сіздерді тағы да төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, берекелі де ұзақ ғұмыр тілеймін! – деді.
Мерекелік шара барысында ауданның өсіп-өркендеуі жолында еселі еңбек еткен 100 ардагер қартқа аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлық тарту етілді. Ардагерлерге деген ақ тілекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков айтып өтіп, бірнеше қарияны марапаттады. Шардаралық ардагерлердің тойына ауданның талантты әншілері өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.
Айта кетейік, аудан көлемінде 7 мыңнан астам зейнеткер ғұмыр кешеді. Ардагерлер қауымы қала мен ауылдарда 30 бастауыш ардагерлер ұйымына топтасып, ауызбіршілікпен жұмыс істеп келеді. Ауданда ардагерлердің игілігі үшін атқарылып жатқан дүниелер жетерлік. Соның бірі аудан әкімінің бастамасымен тамыз айында 30 зейнеткер Астана қаласына тегін саяхат жасаған болатын.
Сонымен бірге, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев шардаралық қарияларға Халықаралық Қарттар күні мерекесімен құттықтауын жолдады: Қымбатты ардагерлер! Сіздерді 1-қазан Халықаралық қарттар күні меркесімен шын жүректен құттықтаймын!
Біріккен Ұлттар Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 45-сессиясында 1-қазанды Халықаралық қарттар күні деп жариялады.
Бұл мерекенiң басты мақсаты – қоғам назарын қариялардың мәселесiне аударып, оны халықаралық деңгейде шешудiң тиiмдi жолдарын қарастыру болып табылады. Алайда, бiздiң халық ежелден-ақ қарияны төрге шығарып, оларға қамқорлық жасауды өздерiнiң қасиеттi борышы санайды. Сондықтан да қарттарға құрмет көрсету – бiр күннiң, немесе бiр мерекенiң аясында емес, баршамыздың күнделiктi мiндетiмiзге айналған, қанымызға сiңген құнды дүниемiздiң бiрi деп айтқан болар едiм.
Аудандық ардагерлер ұйымы Республикалық ардагерлер ұйымының VII съезі бекіткен Жарғы мен ережеге және VIII съезінің шешімдері негізінде жұмыстар атқарып келеді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика халқына арналған Жолдаулары мен Үндеулерін, облыс пен аудан әкімдерінің бастамаларын басшылыққа алып жұмыс істейді. Аудан көлемінде 7000-нан астам зейнеткер ғұмыр кешеді. Ардагерлер қауымы қала мен ауылдарда 30 бастауыш ардагерлер ұйымына топтасып, ауызбірлікпен жұмыс істеп келеді.
Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келесіздер. Егемен еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарауды, жақсы күндерді еселі еңбегімізбен жақындатуды біз Сіздерден үйреніп келеміз.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді халқымызда. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ұрпағына ұлылығын ұялата білген ардагерлерімізді құрметтеу – азаматтық парызымыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз – жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге. Жарқын болашақ, кемелді келешек үшін қажымай еңбек еткен қарттарымызға деген құрмет пен ізгі ниетіміз әрдайым ерекше. Әрқашан да арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, үлгі — өнеге көрсете береді деп сенемін!
Сіздерді тағы да төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, берекелі де ұзақ ғұмыр тілеймін!».