Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тәрбиешілер институтына 32 жыл толуына орай әскери-патриоттық іс-шарасы өтті.

Бұл маңызды шараның мақсаты – Қазақстан әскерінің қалыптасу тарихы мен тәрбие жүйесінің маңыздылығын насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Іс-шараға Түркістан гарнизоны басшысы, полковник Талғат Аязханұлы, «Түркістан облыстық әртүрлі деңгейдегі ардагерлерді Үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрғанбек Әшірұлы, «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Аружан Мақсатқызы қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлының құттықтау сөзін Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Маратұлы жеткізді. Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери тәрбие мен оқу орындарының маңызы зор екенін атап өтіп, Қазақстан әскерінің дамуына үлес қосып келе жатқан тәрбиешілер институтының қызметіне жоғары баға берді.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихы мен тәрбие саласындағы жетістіктері кеңінен баяндалып, бірқатар азаматтар марапатталды.

Бұл іс-шара мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және Қарулы Күштерге деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды қадам.