Қайрат Әукенұлы Байбосынов — әнші, қазақ дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттаушы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері, профессор. Әдетте тұлға де­­­ген сөз – әркімге тели беруге кел­мей­тін, талабы зор, айқындай түсер анықтамаға айрықша зәру, ірі атау.

Сөз қадірін білетін қазақ әнді орындау, айту дегеннен гөрі әнге салу етістігін пайдалануға бейім. Кәдімгі кірпіші, лайы, ағашы, терезесі, есігі мен едені секілді әрқилы заттарды түзіп, реттеп, жонып, септеп, құрап басқа пана болатын үй салғандай, ән де салынады. Мұң мен сағыныш, іңкәрлік пен аңсау, шалқу мен сүйіну, күйініш пен зар, екілену мен егілу бәрін-бәрін өнерпаз сезініп, сезінгенін артық алмай, я кем салмай түзіп, реттеп, жонып, септеп әнді салады. Салынған ән – жанға сая, рухқа пана болуы шарт. Жүректер бәһәр тапса, салған ән сол көңілге көлеңке болмақ.

Сол ән салуда құдайдың ғана беретін дауыс қуатына дүниені түйсінетін түйсік пен талғам, ішкі өлшем мен өрісті өре қосылмаса, оны шың­дай­тын жойқын еңбекке өлермен құштарлық қозғау болмаса, осы айтқандардың біреуі олқы қал­са, тұлғалық деңгейге жету құр қиял ғана бо­лып қала бермек. Бұл талапқа төтеп берер өнер­паз өте аз болады. Бізде бар. Ол – Қайрат Байбосынов!

Қайрат Әукенұлы Байбосынов 1950 жылы 1 маусымда Қарағанды облысы (бұрынға Жезқазған облысы) Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде дүниеге келген.
Бала жастан күй өнері мен ән өнеріне сусындап, Тоқаның,Сүгірдің, Тәттімбеттің, Мұхамеджанның күйлерін тыңдап өскен. Қайраттың әкесі Әукен қобызда, домбырада жақсы ойнап, той-томалақтарда ән де салатын болған. Әкенің өнері бала Қайратқа әсер етті.
Алматы эстрада-цирк студиясын бітірген. Әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.  Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері (1980).
«Әкеміз дүниеден ерте өтті. Тіпті әкемнің түрі де еміс-еміс есімде қалған. Анам бізге бір өзі қорған болды. Әкемнің «сегіз қырлы, бір сырлы» адам болғаны рас. Ол кісінің бейнесі мәңгі жүрегімізде қалады. Менің айтарым, көзі тірісінде әкені ардақтау керек. Хан тағына лайықты, асқар тау ғой әке деген. Осы «Әкенің жақ­сылығы жездедей-ақ» деген мақал бар ғой. Сол өте дөрекі, ойсыз айтыла салған сөз, қате пікір деп ойлаймын. Әкенің жақсылығы өте үлкен»-дейді әнші.

1969-1988 жылдары — «Гүлдер» ансамблінің әншісі әрі Алматы эстрада-цирк студиясының оқытушысы. 1969-1988 жылдары – «Гүлдер» ансамблінің әншісі әрі Алматы консерваториясының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры болған.
2009 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясынан Астана қаласындағы Музыка Академиясына дәріс беруге ауысты. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры. Қайрат Байбосынов –әнші (баритон), профессор, 1990-шы жылы Қазақстанның халық артисі атанып, 2000 –шы жылдан бері Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Шығармашылық жолы «Гүлдер» жастар ансамблінен басталған. Жас әншінің мақпалдай жұмсақ, жайлы баритон даусын Қали Байжанов аса жоғары бағалаған.

Оның ұстазы атақты әнші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚазССР-нің халық әртісі Жүсіпбек Елебеков.
«Мен Жүсіпбек Елебековтың шәкіртімін. Мен әрқашан өзімнің ұстазым Жүсіпбек Елебековтің тағылымын ұстанамын. Өйткені ұстаз берген тәлім-тәрбие, белгілі қағидалар маған артылған аманаттай көрінеді. Яғни менің бар мақсатым — сан ғасырлық сырға толы тағылымды тарихы бар халқымыздың дәстүрлі ән өнерін еш өзгеріссіз, табиғи қалпында кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйренген дүниелерімді бұзбай-жармай шәкірттеріме үйрету. Әннің бағын ашатын әнші дер болсақ, сол өте кірпияз, таза өнер жолында талғамы биік, талапшыл ұстаздың да еңбегі зор. Кез келген әншінің қаншалықты дарынды, қабілетті болғанымен, тума талант болғанымен, ұстаз алдынан өтпейтіні жоқ. Ұстазым Жүсіпбек Елебековтен алған дәріс, тәлім-тәрбие бүгінде өз жолымен-жөнімен шәкірт тәрбиелеу жолында пайдаға асып жатыр. «Ұяда не көрсең…» дегендей, ұлы ұстаздарымыздың еңбегі жалғасып жатыр, жүзеге асып жатыр. «.-дейді бір сұхбатында.

Алаштың дәстүрлі әні – ұлттың тарихымен тамырлас. Бұл – қазақтың қоржынында сүр еттей сақталған қымбат қазына. Киелі домбыраның қос ішегімен үндескен дәстүрлі әнді тыңдаған сайын жүрегің жібімей, көңілің көкке өрлемей тұра алмайсың. Ғасырдан-ғасырға ұласқан сарын осы күнге аман жетсе, оның себебі – халық өнерінің өміршеңдігі.

Қазақ қай дәуірде де әсем әнін шырқап, күмбірлі күйін шерткен. Ата жұртынан ауа көшіп бара жатса да «Елім-айлап», «Ағажай-Алтайлап» даланы сазбен идірген. Дүние есігін жылап ашқан баланы әнмен қарсы алып, өмірден озған жақынын әнмен шығарып салған.

Қазақ өнері мен мәдениеті, оның ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан дәстүрлі әндері тарихында осы бір есім ерекше аталатыны ақиқат. Тереңге сүңгімей-ақ, бертіндегі Әмірелер салған сара жол, қазақтың болмыс-бітімі мен салт-дәстүріне сай әуені мен сөзі үйлесім табатын бай мұрасы – дәстүрлі әндер қашанда сөз етуге, таңды таңға ұрып әңгімелеуге тұрарлық.

XІX ғасырда дамудың шыңына беттеген Арқадағы әншілік өнер қарашекпеннен шегініп, Көкшеден күнгейге таман пана іздегендей XX ғасырдың ортасына таман Қорғалжындағы Қосымжандарға (Бабақов), Баянауылдағы Қа­­лиларға (Байжанов), Қарқаралыдағы Жүсіп­бектерге (Елебеков), Ақтоғайдағы Манарбектерге (Ержанов) таман ойысқандай еді. Ығысқан әннің бағы Шыңғыстың бауырындағы Жәні­бек­ті (Кәрменов) тапты. Өткен ғасырдың қақ ор­тасында Орталық Қазақстанның Жаңаарқасында қобызшы Әукен ақсақалдың шаңырағында туған тұңғыш ұл Қайратқа қонды.

Қазақ кино өнеріндегі тамаша туынды Сұлтан Қожықовтың “Қыз Жібек” фильмінің музыкасын жазу барысында өнер тарланы қадірлі Нұрағаңның (Н.Тілендиев) сұңғыла көзі Қайратқа бірден түскен болатын. Негізінен фильмге “Қыз Жібек” опе­расындағы музыкалық шығармаларды пайдаланған Нұрағаң, сондай-ақ Тоқаның “Саржайлауын” “Көш керуенге” арқау етіп, Тілендінің “Аққу” күйін, өзінше түрлендіріп, Көшеней Рүстем­бе­ков­тің көмей сарынын, Кеңес Бақтаевтың орын­дауындағы “Шегені”, т.б. жауһарлар жиынтығын шебер пайдалана келе, фильмнің ең бір өзекті тұс­тарында “Ақылбайдың әнін”, Ахмет Бай­тұр­сыновтан “Қаракөзін”, қысқа да болса ұтымды, Игілік Омаровтың термесінің әуені мен “Гәкку” әндерін Қайрат орындауында фильмде қолдануы ерекше табысты шықты. “Қыз Жібек” фильмі Қазақстанды дүр сілкіндірген ғаламат оқиға болды. Жаңа кинодағы жаңа әншінің ерекше үні де елді елең еткізген. Сонымен алаш даласын әнге бөлеген жас Қайратты бүкіл қазақ баласы таныды.

Қайрат Байбосыновтың репертуары бай және әрқилы, ол: қазақ әндері «Ардақ», «Қарғаш», «Сұржекей», «Алқоңыр», халық композиторлары Біржан салдың, Ақан серінің, Мұстафаның, Естайдың, Ыбырайдың, Жаяу Мұсаның әндері, қазіргі композиторлар әндері («Асылым»). Ол бұрын — соңды сахнада орындалмаған 60- тан аса қазақ әндерін тұңғыш орындаған әнші. Қайрат Байбосыновтың өзіндік орындау мәнері қазақтың ән өнеріндегі айшықты із, қайталанбас қолтаңба болып табылады. Ақанның, Біржанның, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса мен Естайдың әндері Қайраттың орындауында қайта түрленді.

Қайрат шығармашылығындағы тағы бір кезең – 70 жылдар ортасында Қазақ радиосында редакторлық қызмет атқарған тамаша сазгер, қазақ әнінің жоқтаушысы, музыка зерттеушісі, жазушы Ілия Жақановпен шығармашылық одақ құруы еді. Бұл одақтың қазаққа бергені ересен десе болғандай. Көмескі тарта бастаған әндерді тауып, қайта жандандыруға Қазақ радиосындағы лауазымын, өз басының абырой-беделін жұмсап, айрықша қажыр салған Ілағаңның Қайрекеңе арқа сүйеуі өте жемісті болды. “Алтын қордағы” Игібай Әлібаев, Байғабыл Жылқыбаев секілді дәстүрлі дәулескер­лердің мұрасына Қайраттың қолын қақпай бойлатқан да Ілағаң. Қайраттың таңертең салған әні кешке қазақ даласына тарап, бөгетсіз салтанат құрды. Қайрекең Игілік Омаров сынды ұстазы салған “Арқа аруы”, “Жайлаукөл кештері” секілді бұрын айтқан әндерін енді әрі қарай “Әселім”, “Асылым”, “Еділ мен Жайық” сынды әндерге ұластырды. Домбыра сүйемелінде жаңа ырғақ, то­сын тәсілдер тауып, ойнақы өрнек, озың­­қы кейіп жасап тыңдаушысын тәнті етті. К.Са­лықов, Ж.Әл­ім­ханов, М.Егінбаев, М.Жанболатов және т.б. әуесқой сазгерлердің әні Қайраттың дауысымен алаштың рухани азығына айналды. Жүректерге жол тапты. Жалпы, қазақта тап Қайраттай өзіне еліктіріп, тұлғасына тартқан әнші кемде кем.

Ұмыт болған, сирек орындалатын әндерді халық арасына таратуда елеулі еңбек етті. Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция Испания, Италия, Бирма, Сингапур, т.б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді шетел тыңдаушыларына танытты.
Қайрат Байбосынов:
«Кезінде Еуропаға барып ән салғанда халық есі шығып тыңдайтын. Бізге ешкім тас ғасырынан келгендер деп айтқан емес, қайта керісінше тамсаннып, қайран қалып, қол соқты. Өнерімізге бас иді. Содан бері көп нәрсе өзгерген жоқ.
Еуропада 30 мың халықтың алдында ән салғаным әлі есімде. Кеш қарайып қалған уақыт. Қырсыққанда микрофон жөнді істемей қалды, амал жоқ микрофонсыз айттым. Ашық аспан астында салған әнімді халық сілтідей тынып тыңдады, бір жан тырс етіп дыбыс шығармады. Тек әр жерден жылт-жылт еткен темекінің шоғы көрініп тұрды. Ән аяқталғанда бәрі риза болып айқайлап, шулап шыға келді. Шетелдіктер музыканы әуестеніп тыңдайды. Ұзақ қол шапалақтап, жібергісі келмейді.
Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Қытай, Бирма, Сингапур, т.б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді таныттық, қазір барсақ та солай қарсы алады деп ойлаймын»-дейді сұхбатында .

«Кейде ойлаймын, мен опера әншісі бол­сам да, эстрадаға барсам да осы қазақ та­нитын Қайрат Байбосынов болар едім. Ме­ні осы бағытқа бұрғысы келгендер, үнде­гендер болды. Бірақ таңдауым дәстүрлі әнге түсті, өз жолымнан таймадым.
«Дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы» де­ген Шәкәрім. Әншілік – Құдайдың маған бер­ген қасиеті, сыйы, менің ең басты ба­қы­тым. Менің жас кезде өткен мектебім де мық­ты болды. Ауылымыздың талантты өнерпазы Игілік Омаровтың ән орындауын көріп өстім. Өте сырбаз әнші еді. Әр әнді жеріне жеткізе шырқайтын. Мен сол кі­сі­дей әнді құлпыртып, талғаммен жеткізетін, шөл­деген адамның мейірін мөлдір судай қан­дыратын орындаушыны ешқашан кез­дестірмедім. Ал халық әндерін эстрадаға са­лып жүргендер арасынан Димаш қазақ­тың әнін әлемге танытты, бүкіл дүниежүзін тәнті қылып жатыр.

Дәстүрлі әнші, ҚР Халық әртісі Қайрат Байбосынов өзінің өмірлік серігін мектеп қабырғасында жолықтырған. Оның айтуы бойынша, жұбайы Рабиға Иманғақызы екеуі бір сыныпта оқыған. «Сол шақ балалық балдаурен кез еді», деп еске алады кейіпкер. Хат жазумен басталған достық сезім әрі қарай махаббатқа ұласып, кейін отбасы құрған.
Ұлы — Байбосынов Мұхтар Қайратұлы 1972 жылы туылған. Қызы — Байбосын Қорлан Қайратқызы 1979 жылы дүниеге келген.

Биыл Сегіз Сері, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естайлар негізін салған Арқадағы әншілік дәстүрдің өкілі. Өкілі болғанда да өзгеше өреге көтерген, өзіндік айшық, ерекше сипат пен ән өнерін әрлей түскен, ән күмбезінен кетік тауып қаланған алтын кірпіш, асқақ әнші, адуын өнерпаз — Қайрат Байбосынов 75 жассқа толады.

Қазақтың мақтанышы,күміс көмей Қайрат Байбосынов ағамыздың əуезді əндерін бала кунімізден бойымызға сіңіріп өстік. Алты Алаштың аялы алақанында мәртебеңіз асқақтап, шырқай беріңіз, 100 жасаңыз дегіміз келеді!