Осыдан 135 жыл бұрын (1890-1954) халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нартай Бекежанов дүниеге келді. Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. Бай — молдаларды шенеген (“Сараң байға”, “Мырзалық емес”), барымта әмеңгерлікті әшкерелеген. (“Жесір дауы”), жалшыларды батылдыққа, қайсарлыққа шақырған өлеңдер шығарды. Ақындар айтысында Н.Баймұратовпен, Қ.Байболовпен өнер сайысына түсті. Ақын халық әндерін шебер орындаумен қатар өзі де әндер (“Толқын”, “Нартай сазы”, “Өсиет терме”) шығарды. Нартай өмірінің соңғы кезеңіне дейін өткір идеялық құрал өнер мен мәдениетті дамыту жолында күресті. Ол туралы Мұхамеджан Рүстемов “Нартай” повесін жазды.

Ол әлеуметтік мазмұндағы өлең-толғауларымен («Сараң байға», «Мырзалық емес», «Жесір дауы», «Бір қойшыға», «Сүйінші», «Сыр», «Ақ алтынды аймағым», «Колхозшыларға», «Мұзбалақтар») Сыр бойына жас кезінен танымал болады. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу құрметіне арналған этнографиялық концертке, қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, республикалық ақындар айтыстарына қатысқан Соғыс жылдарында арнаулы концерттік бригада ұйымдастырып, халықтың рухын көтеруге белсене ат салысты.

Бекежанов сырнаймен, домбырамен ән, терме, толғау, жыр айту, айтыс дәстүрін дамытқан, өзінің бірегей ән-жыр мектебін қалыптастырған сазгер, ақын, халық әндерін және өз әндерін орындау шеберлігімен қазақ өнерінің тарихында қалған. Оның «Толқын», «Нартай сазы», «Ахау, жалған», «Нартайдың әні», т.б. әндері ұлттық ән өнерінің алтын қорына қосылды.

Сыр елінің серісі, тума талант Нартай Бекежанов артында өш­пестей із, өнегелі іс қалдырған жан. “Тау алыстаған сайын биік көрі­неді” демекші, жылдар жыл­жып өткен сайын оның бейнесі, тұлғасы кесектеліп, сомдала түсіп, абыройы асқақтап, өрісі өсіп келеді десек, артық айтқандық емес. Бұған нар тұлғалы Нартайға халқының көр­сетіп келе жатқан құрметі мен ілти­паты мен ізгілікті көңілдері айғақ. Оның әрбір жырынан әділдік­тің, адамгершілік асыл қасиеттердің иісі аңқып тұр.

Бала Нартайдың дана Нартайға дейінгі өмірі соқпақты да тоқпақты кезеңдерге толы болды. Қиын кезеңде дүниеге келіп, талай өтпелі дәуірде өмір сүрді. Азамат соғысы, біресе ақтар келіп, онан соң қызылдар келіп қырғын салған кез, жер иелену­шілердің, келімсектердің шұбыруы, аштық, қуғын-сүргін, тағы да соғыс, тылдағы қиындықтар, канал қазу секілді ауыр жұмыстар көз алдында өтіп, ерте есейтті.

Ол 1890 жылы Қызылорда облысы, қазіргі Шиелі ауданына қарасты “Ком­мунизм” колхозы, Үлгілі ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келді. Кейбіріміз айтып жүргенін­дей, Нартайдың арғы аталарында ақындық не басқадай өнер бол­маған. Әкесінің өзі бала Нартай екі жасқа келгенде дүниеден озады. Ана­сы Бақтыгүлдің қолында тәр­бие­ленген Нартай жас кезінде Сыр­дың бай-манаптары Көш­кін­бай мен Толғанбайдың мал­дарын бағып, жалшылықта болады. Нар­тай­дың анасы Бақтыгүл ақын­дығы­мен, әншілігімен өз ортасына бел­гі­лі жан еді. Талабы таудай, зерек бала Нартай ана бойындағы асыл өнерді қағып алып, бойына сіңіріп отырған.

Нартайдың өзі айтқандай, сылдырап аққан өнер бұлағының көзі, арнасы ашылып, тасқынды селге айналды. Иығында сырнайы, қолтығында домбырасы бар Нартай жүрген жерінің бәрінде халықты сән-салтанатқа, ән мен жырға, думанға бөлеп, өнерге шөліркегендерді сусындатып, айызын қандырды. Алғашқыда Нартай ақын қазан төңкерісінен бұрынғы халық өмірін жырлай отырып, жарқын келешек­ке үміт артып, қол созған, жанын құр­бан еткен ел ардақтыларын, аяу­лыларын тебірене жырларына қосқан.

Нартай Бекежанов айтыс өне­рімен де даңқын шығарған. Ұмытылып бара жатқан 1939 жылдың өзінде Нартайдың Нұрлыбек Бай­мұра­товпен сайысын бүкіл қазақ газеттері қуана жазып, су­реттерін жариялаған болатын. Мен мектеп оқушы­сы едім. Әлі күнге дейін есімде. Бұл – 1944 жылы өткен Республикалық ақындар айтысы Кеңес заманынан бастау алған кез. Қызу айтыс үстінде де ақындар бі­рі­нің бетін бірі жыртпаған. Қандай өткір сайыстарда да бірін-бірі қолдап, қолпаштай білген.
Сұрапыл Отан соғыс жылдарында Нартай ақын топ құрып, ел аралап, сырнаймен концерт беріп, ел­дің рухын көтеріп, қайраткерлік көрсетті. Үлкен жиын­дарда оның топ жарып, бастау айтатын қасиеті де бол­ды. Мәселен, Жамбыл өтініші бойынша Мәдениет, Өнер қызметкерлерінің Бірінші съезін арнаумен аш­қан Нартай ақын болатын. Мәскеуде 1936 жылы өт­кен Қазақстан Мәдениеті мен Өнерінің онкүндігін дүріл­детіп өткізуіне де ол үн қосты.
Нартай өз халқын түрлі жағдайларда рухтандыра біл­ген суырыпсалма ақын әрі керемет орындаушылық қаб­ілеті арқылы ел санасында сақталатын керемет тұл­ға.

Нартайдың әншілік-композиторлық өнеріне, оның қазақ көркемөнеріне өзіндік бет-бейнесімен, қолтаңбасымен ен­геніне, сіңірген еңбегіне ешкім де шек келтіре алмайды. Оның мақа­мы, әні, өнері – қайталанбайтын құндылық. Композитордың “Нар­тай әні”, “Өздерің білер Нартай­мын”, “Алтын көкем”, “Толқын”, “Серпін”, “Базарым өтіп бара ма?”, “Бейбітшілік”, “Аққайық жалған”, “Жеңіс жыры”, “Жаса, Қазақ­станым!” сияқты толып жатқан сыр­лы да сиқырлы, жүрек тебірен­терлік, құлаққа жағымды әндері бар. Өкініштісі осы әндердің бірде-бірі ақынның өз аузынан, өз үнімен не күйтабаққа, не үнтаспаға жа­зылып алынбаған. Солай бола тұр­са да, Нартай әуендері қалың қазақ арасына кеңінен тарап кет­кен.

1934 жылы маусым айында Алматы қаласында халық өнерпаздарының бірінші слеті өтті. Оған Нартай да шақырылады. Үлкен концертте «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындап береді. Екі жылдан соң Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі болып, оған Жамбыл бастаған ақындармен қатар Нартай да қатысты. Мәскеуден көңілді оралған Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Ақыр соңында ол облыстық филорманияға айналды.

1935 жылы Шиелі қыстағында ашылған балалар үйіне көркем-өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып орналасады. Бірер жылдан кейін Қызылордада ұйымдастырылған концерт-эстрада бюросына шақырылады, өмірінің ақырына дейін сонда қызмет істейді. 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылу құрметіне болған этнографиялық концертке қатысып, академиялық Үлкен театр да ән шырқап, жыр толғайды. «Қызыл Москва» деген толғауы осы тұста шығарылды. Республикалық ақындар айтысына қатысып, Нұрлыбек Баймұратовпен өнер сайысына түседі. 1946 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысады.

Нартай шығармашылығының белгілі деңгейге көтерілген жанры – нақыл сөз бен шешендік терме саздары. Олардың қатарына “Өмір өрнегі”, “Қызыл тілде буын жоқ”, “Әнім ғой”, “Құлақ сал, ел-хала­йық, үлкен-кіші!”, “Нақыл сөз”, “На­ртай әні”, “Мен келемін!”, “Бала-бал”, тағы басқа туынды­ларын айтуға болады. Нартай Бекежанов өзінің жан-жақты ақындық, әншілік әрі орындаушылық өнерімен халықтан лайықты бағасын алады. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Нартайдың ұлан-ғайыр еңбегі халық өмірімен біте қайнасып жатуы оның шабытының тасқындай түсуіне ықпал жасады. Шалқыған шабыт, төгілген тер еленбей қалған жоқ. 1939 жылы оған “Көркемөнерге еңбегі сіңген қайраткер” құрметті атағы беріліп, Сол жылы КСРО Жазушылары одағының мүшелігіне қабылданды. Ал республиканың 25 жылдығының торқалы тойында “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Нартай ақын 1954 жылы 64 жасында өмірден өтті. Әрі ақын, әрі композитор, әрі орындаушы әнші бола білген жарқын тұлғаның өмірі – халыққа қызмет етудің үлгісі еді. 

Белгілі халық ақыны әрі композитор Нартай Бекежанов көзінің тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, баршаға танымал болды.
Нартай – Жамбыл сияқты ақын-жыраулардың соңғы өкілі еді. Өзінің бір бойында табиғат берген бірнеше қымбат қасиет болды. Соның бірі – оның суырыпсалма ақындығы. Екіншісі – композиторлығы. Үшіншісі – сырнаймен өзі сүйемелдеп айтатын орындаушылық қасиеті. Төртінші, оның осы өнерлерімен қалың ортадан озып шыққаны. Нартай әндері басқалардан ерекше, елді тартатын, тыңдаушысына ғанибетті әсер беретін.

Шығармаларының жинағы екі дүркін жеке кітап болып басылды. 1982 жылы «Жазушы» баспасынан «Өсиет» деген атпен өлеңдер, дастандар, айтыстар енген жинағы жарық көрді.
«Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы (1939) берілген.

Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры 1955 жылы Еңбекшіқазақ (Алматы облысы) және Қаратал аудандары (бұрынғы Талдықорған облысы) жергілікті театры негізінде ұйымдастырылды. Театр шымылдығы Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқты” трагедиясымен ашылды. 1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшірілді. 1970 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді.

Нартай Бекежанов мұражайы, Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер мұражайы – ақынның әдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған тарихи-мәдени мекеме. Н.Бекежановтың 100 жылдық мерейтойына орай (1990, тамыз) Ы.Жақаев атындындағы күріш өсіру тарихы музейінің бөлімшесі ретінде ауылдық мәдениет үйінде ашылды. Кейін екі қабатты, төбесі шығыс үлгісінде күмбезделген жаңа мұражай пайдалануға берілді (25.10.1994). Мұражайда барлығы 13483-тен астам экспонат бар, оның 8397-сі негізгі қорда, 5086-сы көмекші қорда сақталды. Мұражай 8 залдан тұрады. Залдарда негізінен ақынның көзі тірі кезінде тұтынған заттары (сырнайы, керуеті, ер-тұрманы, қамшысы, зергерлік бұйымдары, ұлттық киімі, т.б.), үй жабдықтары, құжаттары, баласы Мансұр ақынның қолжазбалары, Нартай бригадасы белді мүшелерінің (М.Әділов, Т.Баяханова, А.Тұяқбаев, Ф.Төлегенова, т.б.) жеке заттары, шәкірттері мен ізбасарлары туралы мәліметтер, Нартай ауылынан шыққан еңбек ардагерлері (Ш.Қазанбаева, Ұ.Алтайбаева, М.Қалдыбаев, Н.Көкиев, Б.Оразов) туралы мағлұматтар жинақталған.

Қазіргі таңда, ақын, әнші Нартай Бекежановтың сырнайы мен шапаны Қызылорда облыстық өлкетану музейіне тапсырылған. Себебі, өнерді бағалай білетін халық оның қадірін жақсы түсінеді.
Нартай әндері халық арасында кеңінен тараған. Терең мағыналы айшықты сөз орамын әуезді әнмен, ырғақты сазбен өрнектей білген жанның әрбір туындысы құнды, қолданған әрбір заты бағалы. Шапанды нар тұлғалы Нартай жиын-тойларға киген. Домбырасының сыртқы бетінде тегі жазылған, меншікті аспабы. Қасындағы домбыра- адуын ақынның ұстазы Дүр Оңғардың ұстаған музыкалық аспабы.
Музей-құнды жәдігерлерді жинақтаушы орын, сақтаушы қор. Мұндағы әрбір экспонат өзінше маңызды, мәнді. Ал, олар тарих қойнауына енген сайын, қадірі артып, құндылығы арта түседі.