Алаш қозғалысы тарихында Әлихан Бөкейханның басшылығымен ұлт мүддесi жолында қалтқысыз қызмет еткен қазақ зиялыларының бiрi – Биахмет Сәрсенов.

Биахмет Сәрсенов – қазақтың ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, кейін совет үкіметінің алғашқы жылдарында халық ағарту комиссарының бірінші орынбасары.
Сәрсенов Биахмет 1885 жылы бұрынғы Семей облысының Зайсан уезіне қарасты Нарын болысында, қазіргі Ақсуат елді мекеніңде, дәулетті отбасында дүниеге келген. Жастайынан өнер-білімге бейім өскен Биахмет 1905-1909 жылдары Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқып, оны үздік бағамен бітіріп шығады. Оқуын бітірген соң ол ауыл мектебінде 5 жылдай уақыт мұғалімдік қызмет атқарады. Одан кейінгі үш жыл Сәрсенов болыс болып ел басқарып, бастауыш мектептер ашқан.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ақ патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет орнаған кезде қазақ сахарасының шығысында Семей қаласы ұлт-азаттық қозғалыстың аса қуатты орталығына айналған еді. Бұл өзі Уақытша үкімет органдарымен қатар бір мезгілде жер-жерде жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңестері, қазақ комитеттері, Земстволық басқармалар тәрізді тағы басқадай жаңа билік тармақтары енді-енді өмірге келе бастаған кез болатын. Осы жылдың көктемiнде елiмiзде жаппай облыстық, уездiк және болыстық деңгейде қазақ комитеттерiнiң құрылуына байланысты Алаш қайраткерлерiнiң шақыруымен Биахмет Сәрсенов Семейге келедi.Ол алғашқы күннен бастап осы облыстық комитеттің мүшесі ретінде қызмет етеді.

1917 жылдың 7 наурызында Семей облыстық қазақ комитеті ел өмірінде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты шұғыл түрде құрылып, Орынборда Бірінші және Екінші жалпықазақ съездерiнiң өтуiне, «Алаш» партиясының құрылуына, облыста Земстволық басқару жүйесiнiң енгiзiлуiне, қысқасы ұлттық саяси қозғалыстың өрлеуiне ерекше ықпалын тигiздi. Жергілікті билік ісіне араласу мүмкіндігінен құр қалмас үшін өзінің ұйымдық-шаруашылық шараларын өткізгені, сондай-ақ облыстық комитеттің төрағалығына Р.Мәрсеков, төрағаның орынбасары болып Х.Ғаббасов пен И.Тарабаев, хатшылыққа Ә.Ермеков және қазынашылыққа Ә.Молдабаев бекігені, комитет басқармасына мүшелікке С.Сабатаев, Н. Құлжанов, А.Қозыбағаров, Б.Сәрсенов, С.Дүйсенбин, М.Малдыбаев, Д.Қияқов, С.Молдабаев, С.Торайғыров, Ш.Керейбаев енгені туралы деректер бар.
Сол жылы шілде айында Орынборда өткен Жалпықазақ съезінде Ресей Құрылтай Жиналысына депутаттыққа ұсынылғандар тізімінде Семей облысы атынан Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасовтармен бірге Биахмет Сарсенов те болған. Міне, осы съезде алғаш болашақ «Алаш» партиясын құру туралы мәселе көтерілді.

1917 жылы қазан айында Томск қаласында өткен Сібір республикасы съезіне қатысып қайтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов жергілікті қазақ комитеттері, мұсылман мұғалімдер одағы, «Бірлік», «Жанар», «Талап» жастар ұйымы секілді бірнеше саяси-қоғамдық ұйымдардың көмегімен Семейде «Алаш» партиясының облыстық комитетін құрды. Тағы да осы «Алаш» партиясының облыстық комитетi атынан Ресей құрылтай жиынына депутаттыққа ұсынылғандар арасынан Биахмет Сәрсеновтің де есiмiн көремiз. Бұл жолы Әлихан Бөкейхан аталған жиынға депутаттыққа Орынбордағы «Алаш» партиясы облыстық комитетінің тiзiмi бойынша ұсынылды.

Семей облыстық қазақ комитетi (төр­ағасы Р.Мәрсеков, кейiн Ә.Ермеков), «Алаш» партиясы (құрметтi төрағасы Ә.Бөкейхан, төрағасы Х.Ғаббасов), Мұсылман мұғалiмдер одағы (төрағасы М.Тұрғанбаев) тәрiздi саяси-қоғамдық ұйымдардың ел өмiрiндегi оқиғаларға белсене араласып, ерекше табандылық танытуының нәтижесiнде 1917 жылдын қараша айында уездік Земстволық жиынға депутат сайлау науқаны өте сәтті өтті. Семей уездік Земстволық жиынына депутаттыққа ұлт зиялылары Ш.Құдайбердиев, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, Ә.Молдабаев, А.Қозыбағаров, Р.Мәрсеков, Н.Құлжанова, К.Жанатаев, И.Қазанғапов, М.Малдыбаев және тағы басқалары болды.

Биахмет Сәрсенов Семей уездiк Земствосы атынан К.Ляш­кевич, Ә.Мол­да­баев, И.Әлiмбеков, Т.Ибра­ги­мов, М.Про­се­ковпен бірге облыстық Зем­ствоның депутаттығына да сай­лан­ған. Дәл осы мезгiлде Семейдiң Алаш бөлiгiндегі қалалық Думаға депу­тат­тар сайлауы өткiзiледi. Алаш қала­лық Думасының мәжiлiсiнде төр­аға­лыққа – Б.Сәрсенов, орын­басарлы­ғына М.Малдыбаев, қала бас­шылығына П.Шев­ченко, оның орын­басарлығына А.Ерыкалов, хатшылығына К.Грязев, ал басқарма мүшелерi болып А.Бейсекеев, Н.Үйсiмбаев сайланады.

Семей өңiрiнде ұлттық бiлiм беру жүйесiн қалыптастыру iсiнде, сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Орын­борда өткен Екiншi жалпықазақ съезiнде қа­был­­данған бағдарламаны жүзеге асыру кезiнде де Биахмет Сәрсенов Алаш зия­лыларымен бiрге елдік шаралардың бел ортасында жүрдi. Мәселен, осы съездiң қаулысына сай Ахмет Байтұрсынұлы басқарған арнайы оқу комиссиясына М.Жұмабаев, Е.Омаров, Б.Сәрсенов, Т.Шонанов мүше болып ендi. Ал енді 1920 жылдың тамызында Қазақ АКСР-і құрылғанда ол Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметіне кіріседі.

Осы жылдары Семей Алашорда үкіметі құрамында қызмет етіп, облыстық Земство басқармасында халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесін басқарған Биахмет Сәрсенов ұлттық мектептерді ашу және оларды қаржыландыру, қазақ балаларын оқуға орналастыру, қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету тәрізді тағы басқа жұмыстармен айналысты. Әрі осы кезде Сәрсенов Семейде жаңадан ашылған мұғалімдер курсында, өзі оқыған мұғалімдер семинариясында әр түрлі пәннен сабақ берген.
Сонымен қатар Биахмет қаладағы мәдени ұйымдардың жұмысына атсалысады. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттеріне мақала жазып түрады. Б.Сәрсеновтың «Автономия кеңесі», «Біріккен елде береке бар», «Азық-түлік», «Русияда осы күнде зор мәселе – азық-түлік» жарияланымдары сол шақта қазақ қоғамына үлгілі істерді нұсқады.

1920 жылы Биахмет Орынборда Қазақ автономиялық республикасы құрылған соң астанаға қызметке шақырылып, алғашқы кезде Соғыс комиссариатының саяси білім бөлімін басқарды. Сонан кейін Сәрсенов Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының шақыруымен білім саласына ауысып, комиссариат алқасының мүшесі, әлеуметтік тәрбие бөлімінің басшысы, мектеп істері бөлімінің меңгерушісі секілді сол уақыттың жауапты қызметтерін абыроймен атқарды. Осы уақытта Биахмет Орынбордағы мұғалімдер курсында, Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық еткен. Мұрағат деректерінде Б.Сәрсеновке физика, математика пәндерінен мектеп оқулығын жазуға ұсыныс жасалғаны көрсетілген.

1921 жылдың 31 қаңтарында Орын­бор­да Ахмет Байтұрсынұлының төраға, Биахмет Сәрсеновтің хатшы ретінде, Әлихан Бөкейхан, Елдес Омарұлы, Хай­ритдин Болғанбайұлы, Смағұл Сәдуа­қасұлы, Файзолла Ғалімжанұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәдуақас Сейфоллаұлы, Сабыр Айтқожаұлы, т.б. қатысқан 1-ші және 2-ші буын мектептер үшін оқу құралдарын даярлауға байланысты арнайы мәжіліс өтеді. Мәжілістің қаулысы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жазу Ахмет Байтұрсынұлына, арифметика Мәннан Тұрғанбаевқа, геомет­рия Биахмет Сәрсеновке, жара­тылыс­тану Елдес Омаровқа, физика Файзолла Ғалімжанұлына, география Әлихан Бөкей­ханға, қазақ-қырғыз тарихы Мағ­жан Жұмабаевқа, жалпы тарих Хайретдин Болғанбайұлына, мектеп гигиенасы Жұмағали Тілеулинге, алгебра Елдес Омаровқа, педагогика Мағжан Жұма­баевқа, дидактика Жүсіпбек Аймауытұлына, хрестоматия Сәкен Сейфуллин мен Жүсіп­бек Аймауытұлына, көркемсөз теориясы Мағжан Жұмабаевқа жүктеледі. Аталған оқу кітаптары дер кезінде жазылып, басылып шығып, 1928-1929 жылдарға шейін қазақ мектептерінде оқу құралы ретінде пайдаланылып келді.

Амал не, осындай турашыл, өткір, ақылды, жiбектей мiнезiне қарап бүкiл қазақ Бияш деп еркелеткен Биахмет Сәрсенов өмiр­ден ерте кеттi. Ол 1921 жылы Орынборда небәрi 36 жасында науқастан қыршын кетті.

Семейдегi губерниялық «Қазақ тiлi» (қазiргi «Семей таңы») газетiне жария­ланған Алаш қайраткері Жүсiп­бек Аймауытұлының «Бияш» атты қазана­масында, шын мәнiнде Биахметтiң ұлт мүддесi жолындағы еңбегiне үлкен баға берілді. Бұл қазанаманы алғаш бел­гiлi ғалым-филолог Арап Еспенбетов төтешеден аударып, жұртшылыққа та­ныс еттi. Онда:

Өкiнiшке қарай, 1937-1938 жыл­дардағы саяси қуғын-сүргiннiң зоба­лаңы оның әкесi Шегедек байдың әулетiнен тарайтын ұл-қыздарды да сырт айналып өтпедi. Жалпы, Шеге­дектiң екi әйелiнен жетi ұл, жетi қыз тарайды. Осы жетi ұлдың iшiнде Биахмет, Жанахмет, Қалел және Дәлел, Салық орысша-қазақша оқыған, саяси сауатты азаматтар болды. Мәселен, солардың бірі Дәлел Сәрсенов те Алаш қозғалысына белсене қатысқан қайраткер болды. Айталық, «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в 1918 г. правительства Алаш-Орды» атты ресми құжатта Биахмет Сәрсеновке қоса «Д.Сәрсенов (брат Биахмета)» деп оның iнiсi Дәлелдiң де есiмi қатар аталады.

Дәлел Сәрсенов те алдыңғы жасы үлкен ағалары Биахмет пен Жанахмет секілді Семей мұғалімдер семинария­сын үздік бітіріп, Алашорда үкіметі тұсында оқу-ағарту мәселелерімен айналысты.

Ташкентте ашылған тұң­­ғыш қазақтың жоғары оқу орны негі­зінде 1928 жылы Алматыда Қазақ педа­гогикалық ­институты құрылды, 1935 жылы бұл жоғары оқу орнына Абай есімі беріліп, қазіргі уақытта Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті деп аталады. Демек Дәлел Сәр­сенов Қазақстандағы тұңғыш жоғарғы педа­гогикалық оқу орны­ның алғашқы рек­торларының бірі болған.

Алаш қайраткері Дәлел Сәр­сенов мал шаруашылығы зерт­теу инс­титу­тының директоры қызме­тінде жүріп, 1932 жылы тура ағасы Биахмет секілді кенеттен науқасқа шалды­ғып, қайтыс болады.

1950 жылдары Ғалихан ағамыз­дың атына Мәскеудегi бiр шетелдiк елшiлiктен арнайы шақырту қағазы келеді. Сөйтсе, оны шақыртушылар – Мәскеуге халық­аралық делегация құрамында келген Нидерландта қалған отбасы мүшелері Иоке мен Херат екен. Бірақ та өкіметтен ресми рұқсат болмаған соң олардың жүзiн көре алмайды. Ғалым-тарихшы Мұхтарбек Кәрі­мовтен естуімізше, осыдан соң көп ұзамай Ғалихан ағамызға Нидерланд королдiгiнен бiр жапырақ хат жазылып келген екен…

Алаш қайраткері Биахмет Сәрсеновтің туған iнiсi Салық ақсақалдың баласы Бағлан Салықұлы Шегедековтің айтуын­ша, шетелдегi Иокесi мен Хератын бiр көрудi арман еткен Қалихан ағамыз 2000 жылдары қайтыс болды.

Осылайша, Биахмет Сәрсеновтің тек қана жалғыз фотосуретi Салық ақсақал мен оның зайыбы Бижамал әжейдiң ұзақ жылдар бойы жасырып сақтауымен бүгiнге аман-есен жетсе, ал оның жалғыз ұлы Ғали­ханның артында сталиндік қуғын-сүргіннің белгiсiндей болып шетелдік отбасының сарғайған бiр жапырақ хаты ғана қалған…

Ғалым-ұйымдастырушы ретінде ол Қазақ ғылым комиссиясының, Академиялық орталықтың негізін қалауға атсалысты. Сол кездегі мерзімді басылымдардан қайраткер Биахмет Сәрсеновтың отандық мектеп жүйесін калыптастыруға аянбай күш-жігер жұмсағанын, өлкеде алғашқы әскери және кәсіптік оқу орындарын ашуға бастамашы болғаны туралы деректер бар. Биахмет қазақша айтқанда сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі жігіт болған. Алған орысша біліміне қарағанда ол шын мағынасымен педагог-тәрбиеші еді.
Өкінішке орай, жібектей мінезіне қарап бүкіл қазақ Бияш деп еркелеткен Биахмет Сәрсенов өмірден ерте кетті. Ол 1921 жылдың 22 тамызында Орынборда Ахмет Байтұрсыновпен бірге Оқу комиссариатында қызмет етіп жүргенде кенеттен небәрі 36 жасында оба ауруынан қайтыс болды. Бұл туралы өлкетанушы Қарпық Егiзбаевтың «Тағылым» атты кiтабында кеңірек жазылған.