Биыл көрнекті жазушы Кәрібай Ахметбековтың туғанына 85 жыл толады. Белгілі жазушының өмірден өткеніне жиырма жыл болды.

Осы уақыт ішінде оның шығармаларының негізгілері төрт томға жинақталып басылып, оқырман қолына тиді. Бірінші томына – «Қасірет», екінші томына – «Ақдала» романдары, «Егіз қала», «Сый орамал» атты үшінші және төртінші томдарына хикаяттары мен әңгімелері енген. Дара дарынды, қаламы қарымды қаламгердің шығармашылығы жайындағы мақалалар мен қаламдастарының, туыстарының, достарының аяулы азамат, көрнекті жазушы хақындағы естеліктерінен құрастырып, Орынкүл Ахметбеккеліні «Кәдірі бөлек Кәрағаң. Кәрібай Ахметбеков туралы» атты жинақ шығарды. Қаламгердің екінші рухани ғұмырындағы осынау маңызды оқиғалар хақында баспасөзде пікірлер айтылып, жазушының бейнесі мен туындылары оқырман санасында жаңғыртылып жүр.

Кәрібай Ахметбекұлы — 1940 жылдың 12 ақпанында Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты «Көркею» колхозында дүниеге келген. Байқадам орта мектебін тамамдаған соң, аға пионер вожатый, ауылда қойшы болып істеді. 

1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Ауылда мұғалім, 1966 жылдан республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде, Қазақ совет энциклопедиясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер болды.
1973 жылдан 1993 жылға дейін «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, бұдан кейінгі жылдарда Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Қазақтелефильм» студиясында, «Жалын», «Қазақстан» баспаларында Бас редактор болып істеген.

Алғашқы адымын сатиралық өлеңдер жазудан бастаған қаламгердің тұңғыш әңгімелер кітабы 1973 жылы жарық көрді.

Содан бері оның «Ақдала», «Қасірет» романдилогиясы және бірнеше повесі жарық көрді. Көркем аудармамен де шұғылданып, Ян Козактың «Қасиетті Михаил» романын (С.Әшімбаевпен бірге), Михаил Юхманың «Ақ қайың әні» атты кітабын, «Якут ертегілерін» және Виктор Астафьевтің «Ұрлық», «Жанаргүл» повестерін қазақшалады.

Шығармалары: Сый орамал. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1973; Ақдала. Романдилогия. І кітап. А., «Жазушы», 1975; Алқакөл. Романдилогия. ІІ кітап. А., «Жалын», 1979; Жеңіс сарбазы. Әңгімелер мен повестер. А.,1981; Жалаулы жасыл дүние. Повестер мен әңгімелер. А.,1986; Солдат победы. А., «Жалын», 1983; Седая степь. А., «Жазушы», 1984; Ақдала (дилогия). А., 1988; Егіз қайық. Повестер мен әңгімелер. А.,1990; Қасірет. Роман. А., «Жазушы», 1991.
Кәрібай Ахметбеков екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында дүниеге келді. Ағалары қан майданға, әкесі еңбек майданына аттанып, әпкесі мен аналары тыл майданында белдерін жазбай жұмыс істеген кездерде қос сәби –тете ағасы екеуі ұзақты күн талай «үй қамағын» бастан кешкен. Сосын әкесі әлдебір қиырда сүйменмен тас бұзып, кен қазып, соғыс мұқтажын қамтамасыз еткен ауыр еңбек майданынан келді. Шайқас далаларынан бір ағасы қайтпады, бір ағасы сонау совет-фин соғысының, одан совет-герман соғысының қанды майдандарын кешіп, фашистерді жеңгеннен кейін бір-ақ оралды. Содан соң ес білу, есею, мектеп бітіріп, қойшы таяғын ұстау, одан жоғары білім алып, еңбекке араласу кезеңдері сабақтаса жалғасып жатты.

Саналы ғұмырын Кәрібай Ахметбекұлы қазіргі аға ұрпақпен бірге, бүгінде тоталитарлық дәуір деп аталатын қасаң кезеңде өткізді. Яғни Кәрекең де, сол кездің иланымымен айтқанда, коммунистік қоғам құрып жатқан заманда өмір сүрді, тиісінше, жарқын болашақ орнату жолында ел қатарлы адал еңбек етті. Қаламының қайратымен сол жолдағы кемшіліктерден арылуға үндеді. Халық шаруашылығындағы бұрмалауларды, табиғаттың бұзылуына апара жатқан қиғаштықтарды дәл ажыратып, дабыл қақты. Қай мәселені болмасын әр кез терең зерттеп, сындарлы көсемсөз тілімен жұртшылық назарына ұсынды. Сөйтіп, ел мен жерге төніп келе жатқан жаһандық проблеманың оң шешімін табуына атсалысуды көздеді. Әлеуметтік-тұрмыстық тыныс-тіршілікке көркем зерттеу жүргізді, өмір түйткілдерінің астарын ашты. Келісімсіз өзгеріске ұшырап бара жатқан рухани дүниеге, оның басты тіні тіл мәселесіне үңіліп, себеп-салдарын іздеді. Бұлар жөнінде тоталитарлық дәуірдің сонау сіресіп тұрған кезеңінің өзінде баспасөзде ашына мәселе көтерді. Соған байланысты алдына тартылған қоғамдық-саяси өмір шындығы оған барша жұрт жабылып орнатып жатқан коммунистік қоғам тұсындағы билеушілердің мұндай шаруалармен шұғылдануға мүдделі емес екенін көрсетті…

Түптеп келгенде, адамзаттың бақыт туралы ұғымына толық жауап бере алатын коммунистік қоғам хақында жазушылар он тоғызыншы ғасырда-ақ қиялдай бастағаны мәлім. Мәселен, романдарын шұлық тоқығандай жеңілдікпен жазған Аврора Дюдеван (Жорж Санд) коммунизмді армандады, өмір қаталдықтарынан өтіп, өлмес туындылар берген Джек Лондон сондай арман жетегімен социалистік партия қатарында болып көрді. Алайда олардың заманында коммунизм қиялдағы ғана қоғам болатын. Оны орнатудың нақты қадамы біздің ел де құрамында болған империяда жиырмасыншы ғасырда жасалды. Бірақ бұл қатал, қатыгез, қасіреті мол, бастапқы мақсатынан бұрмаланған қанды тәжірибе түрінде көрініс тапты. Мұны шығармашылық түйсігімен танып-біліп жүрген жазушы Кәрібай Ахметбеков демократияның алғашқы лебі есе бастағаннан-ақ жаңа тұрпатта кестеленетін көлемді көркем полотно жасауға отырды. Билеуші партия әуелі жариялылық саясатын жария етіп, артынша қайта құру саясатын көтерген ұрандарымен елімізде демократиялық жаңаруларға жол ашқаны мәлім. Осы шақты Кәрекең «Қасірет» романын жазуға батыл пайдаланған еді. Оның аталмыш шығармасы сол кезеңде, биліктегі партияның қайта құру саясаты жүзеге асырыла бастаған жылдары жазылып, республикамыз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанға дейін-ақ жарық көрген болатын.

Бұл коммунистік қоғам құру ұранымен адам құқтарын аяқасты еткен солақай бастықтар мен белсенділердің келеңсіз де сұрқия іс-әрекеттері салдарынан халық тартқан қиын-қыстау ауыр тіршілікті, зобалаң жылдары бастан кешкен қайғы-қасіретті және бертінгі, тоқырау деп таңбаланған кезеңдегі өмір көріністерін арқау еткен күрделі туынды еді. Онда қазіргі заманғы тыныс-тіршіліктің бел ортасында жүрген, ауылдан шығып, қалаға келген, бірақ туып-өскен топырағынан қол үзбеген бас кейіпкерлерінің өмір жолдарын, сондай-ақ олардың ата-аналарының кешкен ғұмырын шегіністер жасап суреттеу арқылы кеңестік саясат жабық тақырыпқа айналдырған белестер ақиқаты ашылады. Әйгілі Отыз екінші жылғы ашаршылық пен Отыз жетінші жылғы жазықсыз жазалаулардың адам тағдырын қалай ойыншық еткені әңгіме болады. Ел басынан кешкен зауалды кезеңдер мен оның соңын ала келген соғыс кезіндегі тіршілік ащы шындығымен бейнеленеді. Жазықсыз халық жауы атанған, сол қауіпті атақтың жамалуы салдарынан тіпті жер қойнына жақындарын да жасырын беруге мәжбүр еткен ахуалдан өткен, сондай-ақ дүлей ашаршылық апатынан әзер аман қалған кейіпкерлердің тақсіретті тағдырлары оқырман алдына бүкпесіз тартылады. Роман жаңа заманда жасалған ірі көлемдегі тонаушылықты – түн жамылып келген бірнеше алып жүк машинасының жайлаудағы шопан киіз үйін жандарымен қоса ауыр дөңгелектерімен тапап өтіп, отардағы күллі малды тиеп әкетуін жүзеге асырған қанды қылмыс суретімен аяқталады. Бұл құдды түбегейлі жаңа өзгеріс алдындағы қоғамда кішкентай адамдарға төніп келе жатқан зауал ұсқынын бейнелейтін, алдағы қатер хақында барлығымызға жасалған ескертпе іспетті сурет. Одан арғы оқиғалардың қалай өрбігенін романның келесі кітаптарынан оқысақ деген ынтызарлық оянады…

Ахметбеков Кәрібайдың «Қасірет» романы -Алматы: «Жазушы», 1991. -432 бет. Жазушының жаңа романы-ақтаңдақ жылдардың қайғы қасіретін арқау еткен күрделі туынды. Онда 1932–1937 жылдардағы ел басынан өткен нәубаттар барынша табиғи да нанымды суеттелген. Жазықсыз халық жауы атанып, сүйгенінің өзі жасырын көмілген. Ескермес, аштықтың тырнағынан ғайыптың жазуымен ғана әзер аман қалған Ошақбай, Қарашаш сынды кейіпкерлердің тақсіретті тағдырлары оқушысын жайбарақат қалдыра алмайды.

Осынау тақырыбы өте ауқымды «Қасірет» романының құрылымы қарапайым да күрделі. Романды құраған бес тарау (автор қолданысында – баяндар) телегей теңізге құятын көптеген өзендердің бір парасы ғана секілденеді. Айдын шалқарға қарай аққан көп судың басқалары тәрізді өзге де тараулар – туынды бедерін айқындай түсетін жаңа баяндар – романның кезекті кітаптарын құрайтынына шәк келтірмейсіз. Жалпы, шығармада қолданылған әдеби тәсіл – қазіргі заман мен артта қалған қайғылы кезеңдерді сабақтастыра отырып суреттеудің, сондай-ақ оқиғаның малшы ауылына жасалған қарақшылықпен тамамдалуының өзі туындының жалғасы бар екеніне меңзейді. Бірақ автор романның өзге бөлімдерін жазып үлгермеді. Әуелде, ыңғайы, аздап тыныс алып, шапшаң өзгеріп жатқан қоғамдық құрылыстың даму барысын, ықтимал кейіпкерлерінің сондай ахуал тұсындағы іс-әрекетінің аужайын зерделей түсуді мұрат етсе керек. Олай дейтініміз, роман жарық көргеннен кейін орнаған мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол екі томдық мақалдар жинағын дайындаумен шұғылданды. Оларды жинақтау, сұрыптау, жаңаша жүйелеу, сараптау, сөз жоқ, көп күш-жігер жұмсауды талап етті және, әрине, талай уақытын алды. Ал содан кейін ойда жоқта ұшырасқан жеке басының трагедиясы (оның ержетіп, жауапты қызмет атқара бастаған үлкен ұлы жол апатынан қаза тапқан еді) шығармашылық жоспарларын еріксіз кейінге ысырды… Осындай себептерге байланысты шығар, «Қасірет» романын құраған баяндардың одан әрі қалай түзілетіні, ойлы замандасымыздың күнделікті тыныс-тіршілігі көріністерінен басталып өмірдің қасіретті қыртыстарына тереңдеген, одан тағы да жаңа заманнан сыр шерткен осынау тарам-тарам суреттердің туындының басқа кітаптарында қалай бедерленіп, жалғасын табатыны белгісіз боп қалды. Тіпті бұлар жайындағы жоспар да жазбаша жасалмаған күйі, тек ойда болған сияқты. Дегенмен қолға тиген осы қомақты шығарма қозғаған әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық, тұрмыстық, ұлттық, түрлі реңкті ахлақи мәселелер романдағы ұтымды, толымды жасалған бейнелер арқылы оқырманын толғандырып, кім-кімге де үлкен ой салады.

Қоғам мүддесін тереңнен қозғау үлгісін жазушы Кәрібай Ахметбекұлы совет заманында-ақ өзінің қала мен ауыл адамдарының қилы тыныс-тіршілігінен жазған әңгіме-повестерінде, әсіресе 70-ші жылдары «Ақдала», «Алқакөл» атты екі кітап болып жарық көрген роман-дилогиясында көрсеткен болатын. Дилогия уақытында жақсы бағаланды. Екі бөлімді «Ақдала» романы болып қайта басылды. Орысшаға аударылып жарияланды. Туындының көркемдік ізденістеріне әдебиеттанушылар тарапынан жіті назар аударылып, кәсіби тұрғыда талданды. Автордың басшы қызметте жүрген коммунист бейнесін жасаудағы шығармашылық жетістігі Совет Одағының бас қоғамдық-саяси және әдеби газеттерінде атап айтылды, мадақталды. Романның бас кейіпкері боп табылатын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бейнесі сәтті сомдалғанына сүйсініспен көңіл бөлінді. Ол нағыз ел қамын ойлаған, жас та болса кемел ой түйе алатын, әділ де адал, жігерлі басшы түрінде бейнеленді.

Жалпы, Кәрібай Ахметбекұлы қаламынан туған туындылар совет заманындағы өміріміздің шынайы келбетін бедерлеуімен, бүгінгі күні де мәнін жоймаған заманалық проблемаларды көтеруімен, кеңестік өмір салтына байланысты өзгеріске ұшыраған адам психологиясын көрсетуімен, қысқасы, тарихқа айналған кезеңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық портретін кестелеуімен құнды. Оның бізге қалдырған көркем әлемін өз дәрежесінде тануды біз жүзеге асыру керекпіз.