Қазақ тарих ғылымының қалыптасуына және гуманитарлық ғылымдардың бір саласы есебінде дамуына үлкен үлес қосқан ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Ол уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын.«ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты кітабында Кенесары Қасымұлы көтерілісін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

Қысқа ғұмырында көптеген жас мамандарға жетекшілік жасады, талантты жастарға ғылымға жол ашты. Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен аса бағалы. Ол Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихы туралы терең мазмұнды көптеген ғылыми еңбектер жазды.
Е.Бекмаханов жүзден астам ғылыми еңбек жазды. Зерттеулерінің негізгі проблемасы – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихындағы әлеуметтік экономика және саяси құрылыс жағдайлары, Қазақстанның Ресейге қосылуы.
Е.Бекмахановтың республика мектептерінде тарих пәнін оқытуды жетілдіруге, әсіресе Қазақстан тарихы мектеп курсын қалыптастыруға қосқан үлесі зор. Е.Бекмаханов қайтыс болғаннан кейін оның мектептерде пайдаланып жүрген оқулықтарына қызы Найля Ермұқанқызы екінші автор болып тағайындалды. Соның нәтижесінде Е.Бекмахановтың мектеп оқушыларына арналған Қазақстан тарихы оқулықтары отыз жылдан астам үзіліссіз пайдаланылды. Е.Бекмаханов республикамыздың көрнекті тарихшылары ішінде Қазақстан тарихы мектеп курсының негізін салған бірден бір тарихшы болды.
Ермұқан Бекмаханов ерен еңбектері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және медальдармен марапатталды.

Бекмаханов дүниежүзілік соғыс кезінде қауіпсіз аймақ деп Қазақстанға жіберілген Ресейдің белгілі тарихшы ғалымдарының Қазақтан тарихын жазуына түрткі болып, ұлттық тарихнаманың дамуына зор үлес қосты. Екінші жақтан ол Кеңестік кезеңде ұлт қаһарманы Кенесары Қасымұлының көтерілісіне ұлт-азаттық көтеріліс деп баға беріп, докторлық диссертация да қорғады. Өкінішке орай ол бұл үшін қуғындалып, итжеккенге айдалды.
Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов  — тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы (1946 жылы), профессор, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі (1962 жыл) болды.
Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 14 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасындағы Төре ауылында дүниеге келген. 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте оқиды. Семейдегі Жұмыс факультетіне түседі.
1933 жылы Семейдегі Жұмыс факультетін тәмамдаған Ермұхан ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне түсу мақсатында Алматыға жол тартады.

Ермұхан Тамбов педагогикалық институтында жаңадан ашылған тарих факультеніне түсуге құжаттарын тапсырады. Халықтық ағарту комиссариаты Ермұханның Тамбов қаласына жетуі үшін қаражат бөледі. Осылайша тарихшы болуды ойламаған Ермұхан өзінің ғылымдағы алғашқы қадамын бастайды. Ермұхан жоғары білімді, озық ойлы Алаш зиялыларына кездесіп, ой бөлісуінің нәтижесінде тарихқа деген қызығушылығы арта түседі. Халел мен Мұхаммеджанның әсері Ермұханның келешекте кәсіби тарихшы атанып, үлкен ғалым болуына зор ықпал етеді.

1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Отан соғысы жылдарында Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болған. Сонымен қатар Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған.

Дүниежүзілік екінші соғыс қазақ тарихнамасы үшін үлкен бір мүмкіншілік туғызды. Ол мүмкіншілік соғыс себебімен Мәскеу және Ленинград қалаларындағы 11 көрнекті орыс тарихшысының Алматыға жіберілуі еді. Бұлар арасында А. М. Панкратова, Б. Д. Греков, Н. М. Дружинин, М. П. Вяткин және Я. Я. Зутис сынды ғалымдар бар еді. Бұл ғалымдардан Қазақстан тарихы туралы кең көлемді бір зерттеу еңбегі жазу барысында пайдаланып қалу ұтымды болар еді. Мұндай ойға келген Бекмаханов әлгі ғалымдарды осындай зерттеуге атсалысуға көндіруде табысты болады. 

Сөйтіп Бекмаханов 1943 жылы Қазақстан тарихының кәсіби тарихшылар тарапынан жазылған алғашқы ғылыми нұсқасының ортаға шығуына түрткі болады. Қазақ және орыс тарихшылары тізе қоса отырып жарық көрген алғашқы Қазақстан ССР тарихы одақтас елдер ішінде бір елдің тұңғыш зерттеу кітабы және авторлары арасында орыстың белгілі ғалымдарының болуы одақ көлемінде бүкіл назарлардың оған аударылуына себеп болды.
1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, ягни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.

Алайда бұл еңбек Кеңес Одағына мүше Ресейден өзге елдер ішіндегі бір елдің тарихының жан жақты жазылуының алғашқы ұмтылысы ретінде дараланды. Сонымен бірге ол қазақ халқының заманауи ғылыми зерттеу әдісімен жазылған алғашқы тарихы еді. Еңбектің ғылыми Қазақстан тарихнамасының негізі екенін баса көрсеткен белгілі тарихшы ғалым профессор Талас Омарбеков онда Патшалық Ресейдің қазақтарды орыстандыру саясатының бұдан алдын және кейін басқа ешбір еңбекте болмағандай өткір сыналғанын атап өтуде. Сонымен бірге өзге Кеңестік елдердің ССР тарихының Қазақстаннан көп кейін жазылғаны назардан тыс қалмауда. Атап айтқанда, Өзбекстан ССР тарихы 1955-1957, Қырғызстан ССР тарихы 1956, Әзірбайжан ССР тарихы 1958, Түркменстан ССР тарихы 1959 жылдары жазылатын еді.
Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған.
Осындай қазақтың тарих ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосқан Бекмаханов екінші жақтан өзі де Ресейдің алдыңғы қатарлы тарихшыларымен бірге жұмыс істеп, олардың ғылыми тәжірибелерінен пайдалану мүмкіндігіне ие болады. 1946 жылы Бекмаханов Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы докторлық диссертациясын табысты қорғап, қазақтың тұңғыш тарих ғылымының докторы атағына ие болды.

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң «Қырғиқабақ соғыс» басталды, ол идеологиялық соғыстың күрт шиеленісуімен есте қалды. ВКП(б) ОК-нің «Татария, Башкирия, Белоруссия және Украина партия ұйымдарының саяси және идеологиялық жұмысы туралы», сондай-ақ «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы (1946 ж.) қаулылары елдегі ұлтшылдық пен космополитизмге қарсы кең көлемді науқанның басталуына әкеп соқты. Бұл, әрине, Қазақстанды да айналып өтпеді. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулыларында (1947 ж., қаңтар) ҚазКСР ҒА Әдебиет және тіл институтының жұмысындағы «өрескел саяси қателіктер» айыпталды. Әдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев және басқалар қатаң сынға ұшырады. Жас тарихшы
Е.Бекмаханов аталмыш қаулының әсерімен белгілі ғалым, археолог, этнограф, фольклортанушы, тарихшы Ә.Марғұланды сойып салды, бірақ ол өзінің де көп ұзамай сын мен қуғын нысанына айналатынын білмеді. 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» кітабындағы Кенесары қозғалысы туралы тарау Бекмахановқа тиесілі еді, оны ғылыми қауымдастық пен жалпы жұртшылық қазақ халқының тарихы мен оның мемлекеттілігі туралы алғашқы және сәтті зерттеу деп жылы қабылдады. Алайда ол да сын мен міннен тыс қалмады. 1947 жылдың наурызында, Қазақстан КП ОК пленумы өз қаулысында бұл кітапты «Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер асыра дәріптеледі, орысқа қарсы» деп бағалады.

Сонау 1947 жылы, Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азиядағы тұңғыш тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты іргелі еңбегі жарық көрді. Онда Кенесары ханның басшылығымен болған азаттық қозғалысының тарихы егжей-тегжейлі баяндалған. Автор халық көсемінің жеке бас тұлғасына да объективті баға берді. Бұл ретте Кенесарының ұлы Ахмет Кенесариннің «Кенесары және Садық» атты еңбегі де құнды дереккөз саналады. Биыл, 2025 жылы, Бекмахановтың сол зерттеуінің жарық көргеніне 78 жыл болады. Алайда Бекмаханов Кенесары Қасымұлының көтерілісіне феодалдық-монархиялық қозғалыс емес, ұлт-азаттық көтеріліс деп баға бергені үшін саяси қуғын-сүргінге душар болады. Жазғандарынан бас тартпаған Бекмаханов алдымен партиядан шығарылды. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысынан босатылды, тіпті ғылыми атақ дәрежелері жарамсыз етілді. Енді оған ешбір жерде жұмыс берілмейтін болды. Көп ізденістер мен өтініштердің нәтижесінде Алматы тысында бір ауылда мұгалімдік қызмет қана тапты. Сөйтіп кешегі ҚазГудың белгілі профессоры бастауыш мектептерге тарих пәнінен сабақ бере бастаған еді.

Асыра сілтеу, бурмалау жөне күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дөріптеуші деген саяси кінәға ұшыратты. Е.Бекмаханов еңбегіне байланысты пікірталастар 1947 жылдың екінші жартысында күшейе түсті. Ермахан Бекмаханов бірақ айтқанынан қайтпады. Халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген, оның кітабын да, өзін де қызыл империя аямай жазалады.

1947- 1950 жылдарда Е.Бекмахановтың күйі өте ауыр болды, күн өткен сайын оған тиген моральдық соққының салмағы арта берді. Ермұхан Бекмахановты қаралау кампаниясы Тілеуқажы Жанайұлы Шойынбаев, Хадиша Гилимқызы Айдарова және А.Ф. Якунинің қол қойған КСРО-ның басты газеті — Правда газетіндегі 1951 мақаладан басталады. 1951 жылы университеттеғі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды.

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1947 жылы өзі іргетасын бекіткен тарих факультетінде оның есімі мен мұрасы ұмыттырылмауға тырысылуда. Онда жыл сайын “Бекмаханов оқулары” атымен ғылыми басқосулар және конференциялар өткізілуде. Шетелдерде Бекмаханов туралы көптеген мақала және кітаптар жарық көрді. 2015 жылы оның туғанына 100 жыл толуына байланысты Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның мәтериалдары түрік және ағылшын тілдерінде екі том кітап болып жарық көрді.

Сонымен қорыта айтар болсақ, Ермұхан Бекмаханов — қазақтың ұлттық тарихына өлшеусіз еңбек еткен және Қазақстан тарихнамасының негізін салған аса көрнекті тарихшы. Оның есімі мен мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі өмір сүретініне еш күмән жоқ.

Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлауда ат салысты. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.

Қазақстан төуелсіздік алғаннан кейін Е. Бекмахановтың басты еңбегі — «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары «Қазақ университеті» (қазіргі «Санат») баспасынан жарық көрді.