
Тайыр Жомартбаев – қазақтың XX ғасыр басындағы әдебиетіне өзінің шығармалары арқылы үлес қосқан, халықты оқуға, өнерге, ғылымға, мәдениетке шақырып, прогрестік, үлкен мәні бар күрделі мәселелерге үн қосқан ақын, жазушылардың бірі. Тайыр – көрнекті педагог-ағартушы Ыбырайдың, ұлы ақын Абайдың шығармаларынан, осы алдыңғы ағалар арқылы орыс әдебиетінің классикалық үлгілерінен идеялық әсер алып өскен жазушы.
Тайыр 1884 жылы Семей облысының қазіргі Абай ауданында туған. Тайырдың әкесі Жомартбай — өте кедей, оның үстіне балалары да көп болған кісі. Кедейдіктің салдарынан Жомартбайдың балаларының кейбірі байларға жалданып мал бақса, кейбірі қала маңындағы Венков, Яков деген орыс кулактарының жұмысын істеген.
Абай туып өскен елде туып, балалық шағы сонда өткендіктен Тайыр Абай шығармаларымен жасынан-ақ таныс болады. Ұлы Абайдың жастарды оқу-өнерге, ғылымға шақырған, надандықты сынаған өлеңдері Тайырға зор әсер етті. Жасында ауыл молдаларынан азын-аулақ оқығаны бар Тайыр есейе келе оқу оқуды, білім алуды арман етеді де, ауыл байларының жұмысынан шығып, 16-17 жасында Семей қаласына келеді. Қала маңындағы ауылда тұратын Жақия деген бай қажыға жалданады. Бір жағынан ауылда оқыған аз білімін дамыта жүріп, медреседен сабақ алады. Кейін ағайындарының көмегімен қаржы жинап алып, Уфа қаласындағы Медресе-Ғалияға түсіп, оқып, оны бітіреді.
Уфа қаласындағы Медресе – Ғалияны бітірген соң (1910-11) Семей қаласындағы медреселерде сабақ берді, революциядан кейін өмірінің ақырына дейін совхоз мектептерінде, техникумдарда ұстаздық етті. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің сапалы жаңалық – прозаның, оның ішінде романның тууы еді. Бұл жанрға алған қалам тартушылардың бірі – Абай төңірегінде болып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өскен белгілі педагог, ақын-жазушы Тайыр Жомартбаев еді.
1910-1911 жылдарда Тайыр Семей қаласына келіп татар медресесінде мұғалім болып істейді. Бұл кезде Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің, татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың және орыс классиктерінің шығармаларымен едәуір танысады, әдебиетке шын ынтасымен құмартып, өзі де өлең, әңгіме жаза бастайды.
Тайыр өзінің жазғандарын жинақтап екі кітап етіп баспаға ұсынады. Бұл шығармалары: «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағы, автордың өзі роман деп атаған «Қыз көрелік» атты ұзақ әңгімесі 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» типографиясында жеке-жеке кітап болып басылып шығады.
Тайыр ақын бірқатар өлеңдерінде («Ыждаһатты баланың надан атаға айтқан сөзі», «Балаға атаның айтқан сөзі» деген өлеңдерінде) тек балаларды ғана емес, ата-аналары да ғылым, білім, еңбек жолына шақырып отырады.
Тайыр шығармалары адам тәрбиесі тақырыбының басты бір саласы – қайырымдылық, адамның адамға деген адамгершілік, аталық, аналық, жолдастық, достық қамқорлық. «Жетім баланың мұңы», «Рақымды кемпір», «Рақымды жолдас», «Үлкен әке және немере» атты өлеңдері адамгершілік, адал достық, шынайы қамқорлық мәселелесіне арналған.
Тайыр Жомартбаев, негізінде, оқу-ағарту тақырыбын көп жырлаған ақын. Әрине, бұған қарап Тайыр Жомартбаев шығармаларында кемшілік, көзқарасында идеялық қайшылықтар жоқ деуге болмайды.
Ақын өз шығармаларының басты нысанасы етіп еңбек адамын жырласа, елді қараңғыдан жарыққа бастайтын еңбек пен оқуды, өнер мен ғылымды ашық насихаттайды. Сөйтіп, ол демократиялық-ағартушылық бағытта дамыған прогресшіл әдебиетімізге өзіндік үлес қосты. Тайыр бұл бағыттағы әдебиетіміздің басты салаларының бірі балалар әдебиетінің Ыбырай Алтынсариннан соңғы көрнекті өкілінің бірі болды.
1911-1915 жж. Семей қаласы маңындағы Жақия қажы мектебінде ер балаларға, әйелі Адығия Орманова қыз балаларға сабақ береді. 1915-1928 жж. Маңырақ болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы) ұстаздық еткен. 1928-1930 жж. – Семей қаласындағы №14 мектептің директоры, 1930-1937 жж. – Семей педагогикалық техникумының төрағасы болған. Мектептер мен қазақ педагогикалық техникумында қазақ тілі мен әдебиеті, математика сабақтарын жүргізіп, әдеби-драмалық және музыкалық үйірмелер ұйымдастырып, өңірімізде сахналық өнердің дамуына зор үлес қосқан. КСРО-ның халық әртісі, белгілі режиссер Шәкен Айманов, Қазақ ССР-нің халық әртісі Шахан Мусин – Тайыр Жомартбаевтың шәкірттері болған екен.
1912 жылы Семей қаласындағы “Жәрдем” баспасынан “Балаларға жеміс” атты өлеңдер кітабы мен “Қыз көрелік” романы жарық көрген.
Туындының негізгі ой қазығы – оқығаны арқасында өз басының теңдігін сақтап, бақытына қол жеткізген әдепті қыз Ғайникамал тәрізді қазақ қызын дәріптеу.
Алғашқы еңбегі ағартушылық қызметімен тікелей байланысты – өлеңдер, аудармалар жинағы болса, соңғысы қазақ прозасының тұңғыш көлемді ізденістерінің бірі болуымен ұлттық әдебиетіміздің тарихынан өзіндік орын алады.
«Қыз көрелік» – әйел теңдігі, ағартушылық тақырыбын заманында ешкімге ұқсатпай, өзіне тән көркемдік ізденіспен өрнектеген шығарма. Бұл туындыда М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» болса, С. Торайғыровтың «Қамал сұлуындағыдай» қазақ халқы тіршілігінде әлеуметтік теңсіздік, жастардың бақытқа жетуіне кесе көлденең тұрған ескі әдет-ғұрып, қатал озбырлық пен қиянат жайы негізгі мотив етіп алынбайды.
Роман өлең үлгісімен жазылған. Әйел теңдігін сол кездегі туындыларда кеңінен айтылғаны мәлім. Осы сәйкессіздікті, жағымсыз өмір салтын сынауда ақын өзгеше логикалық қисын табады. «Кәріні жас құшақтау мін болмаса, кемпірді жас жігіттер неге алмайды?» деген дәлелді сауал тастайды. Ғалым Б. Кенжебаев белгілі монографиясында 20 ғасыр басындағы әдебиеттің дамуында әйел теңдігі тақырыбын жазуда екі концепцияның болғандығын айтады. Бірі – ескілік әдет-ғұрып әлі де күшті, жастардың махаббат еркіндігіне жетуіне мүмкіндік жоқ деп келетін трагедиялық шығармалар жүйесі болса, екіншісі заман өзгеріс үстінде, өз еріктері үшін бел шешіп күресе білген жастар мақсаттарына жетуіне болады деп келетін оптимистік үлігдегі туындылар еді.
«Қыз көрелік» романы сол кездегі қазақ романдарының алғашқы қарлығаштары деп аталуы заңды құбылыс. Ол туралы ғалым-аудармашы С. Талжанов былай дейді: «Ұлы Октябрьден кейін туашақ қазақ романының толғағы бұрынырақ басталған. Нәресте проза – «Қыз көрелік» пен С. Көбеевтің «Қалың малы» еді. Бұл екеуі де роман деп атала береді»
Қоғамдық қызметі мен шығармашылық ізденістері балаларға тәрбие беру, рухани тілін меңгеру мәселелеріне арналған. Кезіндегі мерзімді баспасы бетінде жарық көрген шығармалары да осы іске, ағартушы-демократтық идеяларға бағындырылған.
Соңғы шығарма ХХ ғасыр басындағы қазақ романы тарихындағы шығармашылық, ізденістерді көрсететін туындылардың бірінен саналады.
Т.Жомартбаевтың “Қыз көрелік” романы – құрылымдық ерекшеліктері мен көркемдік бейнелеу құралдары, тақырыптық-идеялық мазмұны бағытындағы ерекше шығарма. Әсіресе, автордың романға тосын пішін (форма) таңдау жолындағы ізденістерді ойлануға тұрады. Біздің ойымызша, романның табысы да, қазақ әдебиет тарихындағы маңызы да осы төңіректен табылады.
Дәстүрлі тақырыптан жаңа проблематика қозғаған “Қыз көрелік” романы – қазақ қыздарының бас бостандығы туралы күрделі жанрда жазылған көлемді шығармалардың бірі. Семейдегі “Ярдам” баспасынан 1912 жылы жарық көрген. Роман басындағы эпиграф тәрізді мына жолдар шығарманы талдауға апарар кілт тәрізді:
Деп жүрген жас жігіттер қыз көрелік,
Таңдап ап сұлу қызды мал берелік.
Мырзалар қыз таңдаған келсін мында,
Жігітті қыз таңдаған біз көрелік.
“Жігітті қыз таңдаған біз көрелік”, демек, автор ХХ ғасырдың басында көп қозғала бастаған тақырыптың өзіне әңгіме болмаған жаңа қырынан келген. Әдетте, бұл тақырып қыздардың қалың малға, ескі әдет-ғұрыпқа қарсылығы, күресімен қабаттаса баяндалады. “Қыз көрелік” романында осы тақырып проблематикасын мүлде басқа бағытта көтереді. Енді қыз таңдап жүрген мырзаларды қыздың өзі таңдауы керек.
Жаңа идеяның өзі жаңа пішінді талап етеді. Автор осы идеяны шартты реалистік мазмұнға көшіріп, көркем бейнелеуге тырысқан.
Дүниені шарлап қалыңдық іздеп жүрген іргелі рулардың атақты байларының балалары Ғайынкамалды кедей жігіті Мұхаметқалимен оп-оңай қалай жібереді? Реалистік арна авторды осы бағыттағы тартыстарға киліктірер еді басқа мазмұнға апарар еді. Автор мақсаты — өзінің ағартушылық-демократтық көзқарасына сай, тәрбиелік мәнді шығарма. Роман құрылымы, пішіні осы мақсаттан туындайды. Автор мақсатынан, идеясынан ауытқымауға тырысады. Кейде шығарма көркемдігіне нұқсан келгеніне де қарамай, өз идея, мақсатын орындап шыққан.
Ғайынкамал – байдың оқыған қызы. Сауатты, көзі ашық. Қазақ ұғымындағы үлкен қалада, Уфада үлкен оқу-медреседе оқыған. Өмір туралы ойы, идеалы, мақсаты осында қалыптасқан. Әкесі Ғайса да көзі ашық, көкірегі ояу, заман тілін түсінген, оған ілесіп отыруды мақсат қылған жан. Қызын малға сатып, қалың мал алып баю оның ойында жоқ. Реті келсе қызы теңіне қосылса екен деп армандайды. Романда әке, бала тілегі қабысып жатыр. Араларында қақтығыс түгіл қайшылық та жоқ.
Бостандық пен теңдікке ұмтылған, көзі ашық, сауатты қазақ қызына тор құрып жатқан ескі-салт сана қорғаушылары үлкендер, көне көз қариялар да емес – жастар. Романда ел басына ауыр, қиын күндер төніп тұрғанда ауыл аралап сұлу қыз, қалыңдық іздеп жүрген бай балаларына деген авторлық ирония, юмор бар.
Т.Жомартбаев өзінің ағартушылық, демократтық көзқарасын, идеясын жеткізу үшін қазақ қыздарының бостандығы, теңдігі тақырыбын таңдаған.
Өзіне жар таңдауға толық мүмкіндігі бар қазақ қызының шындыққа жанасатын бейнесін жасау үшін қаламгерге алдымен оқушы сенетіндей тақырыптық мазмұн қажет. Оны іздеу бағытындағы әрекеттер қаламгерді тосын шешімге, синтетикалық формаға алып келген. Ал ағартушылық, демократтық идеяны жеткізу үшін реалистік шығарма құрылымында ертегілік, аңыздық фабулаларды пайдалану сол кездегі әдеби ортада кездесетін. Мысалы, “Айқап” журналы бетіндегі А.Сорокиннің әңгімелерінде, өзге де әдеби басылымдарда осы үлгілердегі шығармалар жиі жолығады. Қазақ халық прозасының хикая, әпсана-хикаяттарында да бұл әдістің талай үлгілері пайдаланылады.
Тақырыптық мазмұн қазақ қыздарының бас бостандығы болса да, авторлық идея күрделі. Оның Абай қара сөздеріндегі идеялармен үндестігі бар. Т.Жомартбаев – адамнан адамның айырмасы-білімінде деген Абай афоризімін ағартушылық қызметінің ұраны етіп ұстағаны ұстаз.
Қаламгер ұстаздық қызметінде роман сюжетінде қолданатын француз ертегісіндегі шешендік сұраққа ойға қалуы, қыз кімді таңдайды дегенге шәкірттерін де ойлантып, өзі де ойланған болуы керек. Қыз таңдауы ғаламат сыйлықтар әкелген жігіттерге емес, адамзатқа пайдасы мол, теңдесі жоқ қажетті нәрселерді жасай алатын сауатты, білімді, өнерлі жігітте болуы керек деген ойдан туындаған тәрізді. “Қыз көретін жігітті бір көрелік” идеясының бастауы ағартушы-демократтық көзқарас, қызметте екені белгілі.
Қалыңдық іздеген бай балаларының бір күнде келіп құда түсуі, байлық, дәулет, атақ абыройларының бірдей болуы авторлық ой, идея, көркем шешім үшін әдейі таңдалған тәсіл. Роман уақиғасы – талай халықтар әдебиетінде бір таныс сюжет, әйгілі мотив. Мысалы, шығыс халықтарында кең таралған сюжет: үш жігіт ағаштан (саздан т.б.) сұлу қыз жасайды. Бірі ағаштан жонады, бірі киіндіреді, бір жан салады. Бәрі біткенде үшеуі қызды мен аламын деп таласады; тағы бір сюжет: самұрық алып кеткен хан қызын үш жігіт құтқарады, бірі оның қайда екенін тапса, екіншісі самұрықты атып түсіреді, үшіншісі оны жерге түсірмей қағып алады т.с.с. Тағы да оған таласады.
“Қыз көрелік” романының көркемдік жүйесінің негізіне осындай жасанды синкретті сюжет әдейі таңдалады. Енді осы ертегі мен роман арасындағы идеялық сәйкестер мен өзгешелікті ажыратып көрелік.
Ертегі сюжеті. Бір шалдың сұлу қызына үш жігіт келіп көңіл білдіреді. Үшеуі де қызға ұнайды. Қыз оларды сынау үшін маған сыйлық әкеліңдер деп жұмсайды. Олар сиқырлы айна, жәшік, бальзам табады. Сөйтсе, ғашық қыздары аяқ астынан дүниеден өтіпті. Оны айна арқылы көріп, жәшікпен ұшып жетіп, бальзам арқылы тірілтіп алады.
Қыз олардың бірін таңдау үшін бір жыл уақыт сұрайды. Қыз кімді таңдамақ? Оқушы алдына осы сұрақ тартылады. Ертегі сюжеті осы.
Т.Жомартбаев романының идеясы, фабуласы бұл сюжеттен өзгелеу. Қаламгер алдына ағартушы-демократтық мақсат қояды да роман көркем мазмұнын соған бағындырады. Бұл форма ертегі мазмұнын да айтарлықтай өзгертеді. Уақиғаға да, кейіпкерлерге де авторлық интенцияда (әрекетте) жаңа көзқарас, көп идея бар.
Роман құрылымында ертегілік фабула мәні мотив түрінде ғана алынады деуге болады. Бірдей, ұқсас адамдардың бірдей қызметі арасынан мәндісі, маңыздысы туралы ойлану. Философиялық астары жан мен тән, рухани әлем мен сыртқы тірлік, байлыққа бағытталатын ізденістерге. Ойларға бастайды.
Т.Жомартбаевтың ертегі мотивінде де жаңалық бар. Ертегідегі жігіттер – сұлу жігіттер. Айтушы оларды бірінен бірін бөлектемейді, сынамайды да.
Т.Жомартбаев та жігіттер әрекеті, сөздері, ойлары ирониясы аралас юмормен жазылады. Заман өзгеріп жатқанда сұлу қыз іздеуден басқаны мұрат қылу түгіл, ойламаған надан жігіттер. Ертегіде жігіттер қызға ғажайып сыйлықтар іздейді. Т.Жомартбаев та адам ақыл-ойы, ғылымның соны жемісі, адамзатқа пайдасы мол нәрселер іздейді.
Ертегіде қыз таңдау белгісіз. Ойлану оқушы үлесінде. Т.Жомартбаев та, сауатты, білімді Ғайынкамалдың кімді таңдайтыны белгілі. Зиялы Мұхаметқалиды романға сол үшін енгізеді. Демек, авторлық идея өзегінде “…Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық” – деген Абай ойлары бар. Романда Т.Жомартбаев осы идеяны көркем мазмұнға айналдырады.
“Қыз көрелік” туралы пікір айтушыларды біраз ойға қалдырған мәселе ағартушы-демократтық идеясы айқын, терең мазмұны бар шығармада ертегі фабуласының пайдаланылуы, әрі оның Т.Жомартбаев романы құрылымының синтетикалық сипатын ғана танытпай, көркем мазмұнын да белгілеуі.
Көркем мазмұн мен авторлық идея арасындағы қатынасты, байланыс пен айырманы жан-жақты тексеру қаламгер ізденістеріне талдау жасауға да мүмкіндік береді. Әрі бұл көптеген ірі шығармаларда кездесетін қыстырма бөлшектік (элементтік) эпизодтық тиісті қолданыс емес. Ірі шығармада шағын ертегіні мақсатты қолдану арқылы шығарма идеясын, авторлық ойды, көркемдікті күшейтуге қол жеткізген. Өкінішке орай, ХХ ғасыр басында қазақ прозасында қылаң берген бұл әдіс кейін өз қолдаушыларын таппағандықтан, авторының оны жүйелі ізденіске, көрікті келісімге ұластыра алмауынан жалғасын таппай қалды. Ал өзге халықтар әдебиетінде ол қаншалықты қуатты тәсілге айналғанын Г.Маркес, Ш.Айтматов т.б. қаламгерлер шығармалары дәлелдей алады.
Қаламгер романында қыстырма ертегіні өзінше пайдаланады. Негізгі ертегілік мотивті сақтай отыра оның құрылымына реалды өмір көріністерін енгізеді. Мысалы, Берлин, Париж, Лондон тәрізді қалаларға барған жігіттердің сыйлық іздеу, жүріс-тұрысы, сөзі бейнеленеді. Ғайса байдың, Ғайынкамалдың биографиялық мәліметтері баяндалады. Әсіресе, Ғайынкамалдың зеректігі, Уфада оқуы, оның құрбылары, заман туралы ойлары айтылады. Романға Мұхаметқали бейнесі қосылады.
“Қыз көрелік” романында шарттылық мол, тіпті роман сол шарттылыққа құрылады. Көркемдік жүйе өзегіндегі авторлық ағартушы-демократтық идеяны жеткізуші де осы шартты үлгі түр. Автордың мақсаты қазақ елінің көріністерін, түрлі әлеуметтік топтардың іс-әрекетін, мақсат-мүдделерін суреттеу емес. Автор мақсаты – оқыған қыздардың өз бостандығына жете алатынын айту ғана емес, адамнан адам артықшылығы – білімінде дейтін ағартушылық идея. Оған роман финалындағы эпилог тәрізді автор ойларының баяндалуы мысал бола алады.
Алдымен осы романда автор қолданатын шартты құрамдас білімдерді (компоненттерді) іріктеп қаралық.
Өмір мұратын сұлу қыз алу деп ойлайтын арқаның ірі бай, белді аталарының балалары. Дәулеттері де, атақ абыройлары да бірдей. Олар Ғайынкамалға бір күнде келіп құда түседі.
Ғайынкамалдың тапсырмасы бойынша үш патшалық астанасына Лондон, Берлин, Парижге сапар шегеді. Үшеуі де бірдей ақша (5 мыңнан) алып аттанады. Үшеуі де адам баласы енді ғана көрген, адамзатқа пайдасы зор ғажайып нәрселерді (бағалары да бірдей – үш мың) сыйлыққа алады. Олардың сыйлықтарының Ғайныкамал үшін пайдасы да бірдей болады. Алайда, түптеп келгенде Ғайынкамал оқыған, сауатты Мұхаметқалиды таңдайды.
“Қыз көретін жігітті біз көрелік” деген шартты қою үшін бұл әрекетке бара алған қыздың өзіндік ерекше жағдайы болуға тиіс екені белгілі. Қазақ ортасында бұл құбылыс жоқ болмаса да тым сиректеу кездеседі. Қазақ қыздарының өздеріне жар таңдауы, сүйгеніне қосылуы тарихта болмаған іс емес, алайда Т.Жомартбаев романында мүлде шартты шешімге барады.
Роман идеясы “Қыз көретін жігітті біз көрелік” деген ойдан бастала ма әлде “Адамнан адамның айырмасы білімінде” (Абай) дегенмен жалғаса ма, болмаса ертегі сюжетінен туындады ма, әйтеуір, осы үш түрткіге байланысы бары анық. Мәселе, осы идеяны Т.Жомартбаев қалай көркем мазмұнға айналдырады. Ал Т.Жомартбаев романы көркем мазмұнының ерекшелігі өте көп.
Ертегі сюжетінде қыздың кімді таңдайтыны айтылмайды және төртінші Мұхаметқали тәрізді кейіпкер жоқ. Мұхаметқали – Т.Жомартбаевтың ағартушылық-демократтық идеяларының жемісі. Романдағы басты тұлға – Ғайынкамал. Автор идеясының аясынан табылуы үшін оның сауатты, оқыған жан болу керек. Басына түскен қиын таңдаудан сүрінбей, абайлай өтіп өз теңіне қосылатын мүмкіндігі бар қалыпта алынуға тиіс. Сондықтан да ол оқыған – тоқығаны, көргені мол, сауатты, ақылды қыз ретінде алынады. Өзіне өмірлік серік етіп бай балаларын емес, оқыған, сауатты Мұхаметқалиды таңдайды. Бұл шығарма көркем мазмұнынан аңғарылатыны қосалқы ой ғана.
Шығарма басында сюжетке құда түсуші бай балалары қосылғанға дейін, автор негізгі кейіпкерлерін оқушысына таныстырады. Мінез-құлқы, портреті т.б. қосалқы жайларға дейін баяндалады. Мәселен, Ғайынкамал мен оның әкесіне, Жәкішке байланысты эпизодтарда қазақ қызының жай-күйіне қатысты қоғамдық мәні бар кейбір жайлар қозғалады.
Уақиғаларға бай балалары араласқаннан бастап романда шарттылық көбейді. Автор баяндауында ойнақылық, ирония, юмор үдейді. Т.Жомартбаев осы кезден бастап Ғайса бейнесін де, Ғайынкамалды да, қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік ахуалды да біртіндеп ашады. Талдаудан көркем бейнеге көшеді.
Қыз таңдаушы серілер келіп құда түскенде билікті Ғайынкамал әкесіне береді. Мәпелеп өсірген, бетінен қақпаған әкесіне деген ақылды қыз құрметін қаламгер осылай көрсетеді. Алайда, әкесіне абайлай ескертеді. “Менің құным мал емес, теңімді тапса ғана бересің” деген сөздер артында салмақ та бар. Авторлық бұл шешімде әке-шеше алдынан өтпеген әдепті қазақ қызының психологиясы бар.
Қызымды теңіне берем деген Ғайса да арқаның атақты байларының балалары келіп құда түсе қалғанда бірінен бірін таңдай алмай, таңдауды қызына ұсынады. Ғайса байдың жұмбақ әрекетінің сырын да автор көрсетеді. Егер олардың бірін таңдар болсам, қалған екеуі кектеніп жауласуы мүмкін деп ойлайды Ғайса.
Билікті бай балаларының өзіне бергенде де атақ пен ақша буына көкірегі өскен бай балаларының өзі біріне-бірі қимайтынын Ғайынкамал біліп отыр. Ақыры жар таңдау билігі айналып Ғайынкамалдың өзіне келеді. “Сіз мырзалар, таласпаңыздар, мен сіздерді біріңізді біріңізден артық деп есеп қылмаймын, маған үшеуіңіз де бірдейсіздер, бірақ мен сол кісіге тиемін, кімде кімнің ғылымы, білімі өзіммен бірдей болса және біріңіз мені қандай ғылыммен болсын, айтып жеңіп, я болмаса мен сұраған сөздерге жауап берсеңіздер?”. Бұл талапты оқыған бай балаларының орындай алмасын ол жақсы біліп отыр. Басқаны сатып алуға болса да, ақыл, білімді сатып алуы мүмкін емес.
Роман соңында теңі Мұхаметқалиға қосылып, Семей қаласында қазақ жастарын оқытып жатқан Ғайынкамал туралы айта келе, Т.Жомартбаев өз мақсатын былай түйіндейді: “Басында ықтияры бар бақытты қыздар кімді сүйсе, өз басының қор болмас қамын ойлайды. Кіммен сүйіп өмір сүрсе, жақсы өмір сүреді, соны ойлап басында миы, көкірегінде ойы, санасы бар қыздар балияға толған соң өзінің теңін тауып алып, теңін біліп, өзіне қандай адам өмірлік болуға жарайды, соны талап қылып іздей бастайды” деп ойын аяқтаған.
Тайыр Жомартбаевтың “Сары сүйек құда”, “Осы ма, қазақ, өмірің?” пьесалары Семей мен Зайсанның театр сахналарында қойылған. Сондай-ақ, «Зайсан», «Шыңғыстау», «Ана тілі», «Жаңа әліппе жыры», «Мен өзім», «Жұбанышым», «Мен қуанам» өлеңдерінің авторы.
Тайыр Жомартбаев Кузнецк қаласындағы №23 мектепте жұмыс істеп жүрген кезінде жалған саяси жаламен тұтқындалып, Семейде үштіктің шешімімен ату жазасына кесілген. 1956 жылы ақталды.