
Биыл ХХ ғасыр басында қазақ тіл білімінің негізін қалауға айрықша үлес қосқан аса көрнекті тілші — ғалым, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың туғанына 125 жыл толып отыр.
Жастарға деген аралас-құралас болған адамдарға деген шексіз бауырмал, жаны ашығыштығының үстіне Құдайберген Жұбанов оларға сын көзімен қарап, талап қоюды да есінен шығарған емес. Республиканың мәдени өмірінің бірде-бір саласы Қ. Жұбанов назарын өзіне аудармай кеткен емес. Ғылым адамдары, өнер адамдары, әдебиет саласының адамдары – бұлардың бәрі Қ. Жұбановтың білімдарлығын, адамгершілік іс-харакетін жақсы білетін, оны қадірлеп сыйлайтын. Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтының қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, беделді профессоры Қ. Жұбанов Қазақ КСР Ағарту халық комиссариаты оқу-методикалық кеңесінің жетекшісі, КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиалы Лингвистика секторының меңгерушісі секілді аса абыройлы жұмыстарды қоса атқарғаны белгілі. Қазақ тілі жөніндегі тұңғыш монографиялық зерттеудің авторы, алғашқы мектеп оқулығы мен оқу бағдарламасының авторы ретінде қазақ тіл білімі тарихына аты алтын әріппен жазылатын есімдердің бірі – осы профессор Қ. Жұбанов. Қ. Жұбанов қазақ филологиясы кадрларын даярлап, түлетіп өсірудегі қызметі ұшан-теңіз. Республикамыздағы аты белгілі ірі-ірі ғалымдар өздерін Қ. Жұбановтың шәкіртімін дегенді мақтан тұтады.
Ғылыми-педагогикалық жұмысымен қатар Қ. Жұбанов – қоғамдық істерге де белсене араласқан адам. Өткен дәуірлердегі ірі тұлғалар Фирдоусиге, Абайға арналған ғылыми конференцияларды шақыруға мұрындық болып, осы жиындарда мазмұнды баяндама жасаған адам да осы кісі.
1935 жылы Қазақстан мәдени құрылысшылары съезінің ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, осындай ірі форумды өткізуге тікелей араласқан да осы кісі. Осыған іле-шала Кеңестердің бүкілресейлік XVI съезіне делегат болып, онда Татарстан мәдениеті жайлы патриоттық сарында сөз сөйлеген де осы кісі. Қ. Жұбанов Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Оның есімін біз қазақ лингвистикасының негізін салушылардың бірі ретінде бұл күнде ерекше құрметпен еске аламыз.
Құдайберген Жұбанов тіл білімі мәселелерімен 1920 жылдан бастап шұғылдана бастады. Ол қазақ мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жасап, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. Сондай-ақ, оның “Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары” (1-том), “Фонетика” (орыс тілінде), “Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе”, “Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар”, “Буын жігін қалай табуға болады”, “Қазақ тілінде біріккен сөздің жазылуы”, “Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі”, “Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан”, т.б. іргелі ғылыми жұмыстары қазақ тіл білімін қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. 20 ғасырдың 20 – 30-жылдарында Жұбанов қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде саяси-әлеуметтік, халықтық мәні зор проблемалардың бірі – жазу, емле, термин мәселелерімен де шұғылданды. 1929 жылы Қызылордада өткізілген тұңғыш ғылыми-терминологиялық конференцияда Жұбанов қазақ тілінің емлесі жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар жасады.
1935 жылы қазақ әліпбиі мен емлесін жақсартудың жобасын ұсынды. Онда халықаралық және орыс тілінен енген терминдерді орысша жазылуына жақындатып таңбалау, кейбір қосар дыбыстарды жалаң әріппен беру, біріккен сөзді қосып жазу туралы пікір айтты.
Жұбанов 1933 жылдан саяси қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін Қазақстанның Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының төрағасы болды. Бұл салада ол термин жасау ісіне мамандарды жұмылдырып, олардың дайындаған материалдарын ғылыми тұрғыдан реттеп, жұртшылық талқысына салып, тәжірибеге енгізуді қадағалады. Құдайберген Жұбанов – 1935 жылы Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің съезіне Мемлекеттік терминкомның атынан ұсынылған жобаның негізгі авторы. Ол ұсынған принциптер қазақ терминологиясын жасаудың үлгісі ретінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. Ол 1936 жылы ғалымның “Қазақ сөйлем мүшелерінің орны тарихынан” деген кітабы баспадан шықты. Бұл кітабында ол қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің тарихын басқа түркі тілдерінен бөліп қарамай, өзі еркін игерген түркі халықтары тілдерін бір-бірімен байланыстыра зерттеп, тарихи салыстырмалы әдісті шебер қолданды. Бұл еңбегімен Жұбанов қазақстандық түркітану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосты. “Ауыл мұғалімі” (қазіргі “Қазақстан мектебі”) журналында мұғалімдерге арнап қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы, кітапты қалай пайдалану, оқулықтағы материалдарды оқушыларға қалай нәтижелі игерту мәселелерін көтеріп отырды. Осы журналда “Жаңа грамматиканың жақсылықтары”, “Шылаулар”, “Қос сөздер”, “Біріккен сөздер”, “Әдіс, бағдарлама мәселелері”, т.б. мақалаларын жариялады. Жұбанов қазақ әдеби тілі мен музыкалық өнері туралы да келелі пікірлер айтты. Ол өзінің “Абай – қазақ әдебиетінің классигі” (“Әдебиет майданы”, 1934, №11 – 12) атты аяқталмай қалған әдеби-публицистикалық еңбегінде Абайдың қазақ әдеби тілін дамытудағы, әлеуметтік ой-санадағы орнын, ақындық шеберлігін, композиторлығы мен өлең құрылысына енгізген жаңалығын тұңғыш көрсетіп, әділ бағалады. “Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жөнінен” (1936) деген зерттеуінде “ән”, “би”, “бақсы”, “жыр”, “домбыра”, “күй”, “қобыз”, “сыбызғы”, “толғау” сөздерінің этимологиясын ашу арқылы қазақ музыка мәдениетінің тарихы ертеден басталатынын көрсетті.
Жұбанов тек ғылыммен ғана шұғылданып қоймай, Қазақстанның Оқу-ағарту халық комиссариаты жанындағы әдістеме, бағдарлама, оқулықтар секторының меңгерушісі міндетін атқара жүріп, бар ынта-жігерін аз уақыттың ішінде қазақ мектептерін ғылыми негізде жазылған оқулықтармен қамтамасыз етуге жұмсады. Мұғалімдердің білімін жетілдіру курстарында, семинарларында дәріс оқып, ақыл-кеңес беріп отырды. Ол қазақ тіл білімі мамандарын баулып, тәрбиелеуде де мол еңбек сіңірді. Республикадағы көрнекті тіл мамандары М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ә.Шәріпов, Т.Қордабаев, т.б. өздерін Жұбановтың шәкіртіміз деп санады. Жұбанов республикамыздың саяси-әлеуметтік өміріне де белсене қатысты. 1935 жылғы Қазақстанның мәдениет қызметкерлері съезін ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 1935 жылдан Қазақстан КСР ОАК-нің мүшесі болды.
1937 жылдын караша айында жазықсыз жала жабылып “Жапон тыңшысы ”, деп оны тұтқынға алады. Құдайберген Жұбанов 1938 жылдың акпан айында » халық жауы » ретінде атылып кетеді .Ол 1958 жылы акпан айында толык ақталады. Құдайберген ағамыздың артында қалған алды 10-11 — лерде , арты үш айлық шиеттей алты баласын , Раушан апамыз қиындықтарды көре жүріп , оқытып , тәрбиелеп , абырой — атақты азаматтар етіп тәрбиелеп шығарды . Ең үлкен қызы Мүслима Жұбанова — педагогика ғылымның кандидаты , тәжірибиелi маман , білімді ұстаз . Одан кейінгі ұлы- Араб Жұбанов СССР Суретшілер одағының мүшесі , көп жылдар көркем- сурет училищесінің директоры болып қызмет атқарды . Ұлдары Есет пен Аскар Жұбановтар филология ғылымдарының кандидаттары . Есет Жұбанов казір Ақтөбе қаласында «Құдайберген Жұбанов қорын» басқарады. Көп жылдар ҚР Fылым академиясының тiл бiлiмдер институтында қызмет атқарды . Қалған балалары Қызғалдақ пен Қырмызы да әке сүйген ғылым салаларын таңдаған мұрагерлер. Профессор Құдайберген Жұбановтың 90 жылдығына арналған конференция 1989 жылы 19 желтоқсанда өткiзiлдi. 1990 жылы қазактың біртуар ұлдарының бірі Құдайберген Жұбановтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін оның есімі 23 ақпан Қазақ ССР Министрлер советінің қаулысымен Актөбе педагогикалык институтына берiлдi.
Биыл Ақтөбеде Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетте тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналған «Жұбанов тағылымы» атты ХІ халықаралық ғылыми конференция өтті.
Конференция аясында университет аумағындағы Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл шоқтары қойылды және Жастар сарайында фотокөрме ашылып, «Құдайберген Жұбанов: тұлға және уақыт. Фотомұрағат» кітабының тұсаукесері өтті.