Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу сырт көзге оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.

Бүгін Жетісай қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінде саналы ғұмырынның 40 жылын шәкірт тәрбиелеуге, оны биікке жетелеуге, қанаттандыруға арнап, жаны мен тәнін, болмысы мен барын берген, өмірінің соңына дейін тынымсыз ізденісте болған сондай ұстаздардың бірі – Әліпбеков Мұқан Әліпбекұлының есімімен аталатын сыныптың ашылу рәсімі болып өтті. Озық технологиялармен жабдықталған заманауи сынып бөлмесінде оқушылардың сапалы білім алулары үшін барлық жағдай жасалып, жоғары жылдамдықтағы интернет іске қосылған.

Салтанатты шараға аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен аудандық мәслихат депутаты Қаршыға Ақтөреева, қызметтестері мен шәкірттері, перзенттері мен туған-туыстары қатысты. Естеліктер айтып, азаматтық тұлғасын, еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі етті. Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бойына біткен ұлылығын елдің, ұлттың болашағын тәрбиелеуге сарп ете жүріп шығармашылықпен де айналысып «Ғұмырлы бол, мектебім!», «Мырзашөл тарихы», «Тоғанбай батыр» және «Балдәурен» сынды тарихи-этнопедагогикалық кітаптары жарық көрген Мұқан Әліпбекұлы 1951 жылы 16 шілдеде Мақтаарал ауданының Үлгілі елді мекенінде дүниеге келген.

1969 жылы Алматы мемлекеттік физкультура және спорт институтын, 1984 жылы Ленин орденді «Мақтаарал» совхоз техникумының агрономия бөлімін, 1999 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетін бітірген.

Еңбек жолын 1973 жылы Жетісай педагогикалық училищесінде оқытушы болып бастап, 1987–1991 жылдар аралығында Жетісай ауданындағы Ленин колхозындағы Ленин атындағы орта мектептің директоры, 1991 – 1994 жылдары аудандық білім бөлімінің әдістеме кабинетінде әдіскер, ал, 1994 жылдың 2 қыркүйегінен өмірінің соңына дейін Жетісай қаласындағы «А.Байтұрсынов» атындағы жалпы орта мектебінің директоры қызметтерін абыроймен атқарған.

Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе көтерген кезеңнен бастап жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеуді өмірінің басты қағидасы еткен ұстаз 1994 жылы аудандық маслихатқа депутат болып сайланса, 1997 жылы Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», 2005 жылы Санкт-Петербургтегі Халықаралық психология ғылымдары академиясының «Құрметті Академигі» атанған. Жоғары нәтижелі еңбегі мен адалдығының нәтижесінде аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болған Мұқан Әліпбекұлы 2013 жылы өмірден өтті.

Шара соңында ұстаз рухына құран бағышталып, көпшілікке ас берілді.